Malim.kz
MALIMet

Кір жуғыш машинадан жағымсыз иіс шықса, не істеу керек?

• Алуа Әшірбекова
Фото: canva.com

Кір жуғыш машина киімді тазалауға арналғанымен, уақыт өте келе оның өзінен жағымсыз иіс шыға бастауы мүмкін. Кейде жаңадан жуылған киімнің өзінен сыз иісі сезіледі. Мұндай жағдайда көпшілік кір жуғыш ұнтақты ауыстыруға немесе хош иісті кондиционерді көбірек қосуға тырысады. Алайда мәселе жуғыш затта емес, машинаның ішінде жиналған кір мен ылғалда болуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

Кір жуғыш машинадан жағымсыз иіс шығуының бірнеше себебі бар. Олардың қатарында барабан ішінде қалған ылғал, резеңке тығыздағышқа жиналған кір, жуғыш зат қалдықтары және су ағызатын сүзгінің бітелуі кездеседі. Әсіресе төмен температурада жиі жуу және машинаның есігін үнемі жабық ұстау мәселені күшейтуі мүмкін.

Кір жуғыш машинаны қалай тазалау керек?

Ең алдымен резеңке тығыздағышты тексеріңіз. Машинаның есігіндегі резеңкенің қатпарларына су, шаш, ұсақ қоқыс пен жуғыш зат қалдықтары жиналады. Уақыт өте келе осы жерден жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Оны жұмсақ шүберекпен сүртіп, қатпарларының арасын мұқият тазалау қажет. Тазалап болғаннан кейін құрғатып қойған дұрыс.

Жуғыш зат салатын бөлікті ұмытпаңыз. Ұнтақ пен кондиционер құйылатын науада да қалдықтар жиналады. Егер өндірушінің нұсқаулығында рұқсат етілсе, науаны шығарып алып, жылы сумен және жұмсақ щеткамен тазалауға болады.

Барабанды бос күйінде тазалау режимін қосыңыз. Қазіргі кір жуғыш машиналардың көпшілігінде барабанды тазалауға арналған арнайы бағдарлама бар. Мұндай функция болмаса, өндіруші ұсынған тазалау режимін пайдалану керек. Кейбір модельдерде жоғары температурадағы бос жуу циклі ұсынылады.

Су ағызатын сүзгіні тексеріңіз. Машинаның төменгі бөлігіндегі сүзгіге тиын, шаш, жіп және басқа да ұсақ заттар жиналуы мүмкін. Бұл судың дұрыс ағуына кедергі келтіреді. Сүзгіні тазаламас бұрын құрылғыны электр желісінен ажыратып, астына су жинайтын ыдыс қойған жөн. Сүзгіні ашу тәртібі әр модельде әртүрлі болғандықтан, нұсқаулықты қарау маңызды.

Жағымсыз иістің қайта пайда болмауы үшін не істеу керек?

Кір жуғыш машинаны бір рет тазалау жеткіліксіз болуы мүмкін. Иістің қайта пайда болмауы үшін күнделікті бірнеше қарапайым әдетті қалыптастырған жөн.

Мысалы, кір жуылып болғаннан кейін киімді барабанда ұзақ қалдырмау керек. Ылғал киім жабық машинада бірнеше сағат жатса, жағымсыз иіс пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар әр жуудан кейін есікті және жуғыш зат салатын бөлікті ашық қалдырып, ішінің кебуіне мүмкіндік берген дұрыс.

Тағы бір маңызды мәселе – кір жуғыш ұнтақтың мөлшері. Жуғыш затты шамадан тыс пайдалану киімді міндетті түрде жақсырақ тазаламайды. Керісінше, оның қалдықтары машина ішінде жиналып, жағымсыз иіске себеп болуы мүмкін.

Бұл туралы Samsung компаниясының ресми нұсқаулығында⁠ айтылған. Өндіруші жуғыш затты белгіленген мөлшерде қолдануға, машинаны шамадан тыс толтырмауға және әр жуудан кейін ішін құрғатуға кеңес береді.

Кір жуғыш машинаны қаншалықты жиі тазалау қажет?

LG компаниясының ресми ұсынымына⁠ сәйкес, барабанды арнайы тазалау режимін шамамен айына бір рет қосқан жөн. Ал сүзгі мен жуғыш зат салатын бөлікті ластануына қарай жүйелі түрде тексеріп отыру қажет.

Машинаны тазалау кезінде әртүрлі химиялық құралдарды өз бетінше араластыруға болмайды. Әсіресе хлорлы ағартқышты сірке суымен немесе басқа тазартқыштармен қосу қауіпті. Сондықтан құрылғының нұсқаулығында көрсетілген құралдарды ғана пайдаланған дұрыс.

Егер барлық тазалау шараларынан кейін де жағымсыз иіс кетпесе, мәселе су ағызу жүйесінде немесе құрылғының ішкі бөліктерінде болуы мүмкін. Мұндай жағдайда маманға жүгінген жөн.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары