Malim.kz
MALIMet

Кіреберістен темекі иісі шықса: көршімен жанжалдаспай қалай шешуге болады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Есікті ашқан сайын темекі иісі келіп, кейде пәтерге де тарай ма? Көршіге ескерту жасауға ыңғайсызданып, үндемей жүре беру де мәселені шешпейді. Мұндайда әңгімені айыптаудан бастамай, нақты өтініш айтқан дұрыс, деп хабарлайды Malim.kz.

Кіреберістегі темекі түтініне қатысты мәселе Қазақстанда да кездеседі. ІІМ-нің Polisia.kz порталында Павлодар тұрғынының көршісі хабарлағаннан кейін кіреберісте темекі шеккені үшін айыппұл алғаны жазылған. Дегенмен мәселені жанжалға жеткізбей шешу үшін алдымен көршімен жеке сөйлесіп, түтіннің пәтерге кіріп жатқанын түсіндірген жөн.

Алдымен иістің қайдан келетінін анықтаңыз

Иіс баспалдақ алаңынан, төменгі қабаттан немесе ашық терезеден келуі мүмкін. Нақты білмей тұрып, белгілі бір көршіні кінәламаңыз. Қай уақытта және қай жерде қатты сезілетінін байқап көріңіз. Бұл кейін үйді басқарушыға мәселені түсіндіруді де жеңілдетеді.

Көптің көзінше ұрыспай, жеке сөйлесіңіз

Әңгімені ашуланып тұрған кезде бастамаған жөн. "Сіз үнемі осы жерде темекі шегесіз!" дегеннің орнына, жағдайдың өзіңізге қалай әсер етіп жатқанын айтыңыз:

"Сәлеметсіз бе! Кіреберістегі темекінің иісі біздің пәтерге кіріп жатыр. Темекіні сыртта, есік пен терезеден алысырақ жерде шеге аласыз ба? Үйге түтін кірмесе екен деп едім".

Өтініш нақты болсын. Тек "сыртқа шығыңыз" деу жеткіліксіз болуы мүмкін: кіреберіс есігінің түбінде шеккенде де түтін ішке кіреді. EPA темекіні есік, ашық терезе және ауа кіретін саңылаулардан алыс жерде шегуді ұсынады.

Үйдің чатына адамды емес, мәселені жазыңыз

Кім шегетінін білмесеңіз, ортақ чатқа бейтарап өтініш қалдыруға болады:

"Құрметті көршілер! Соңғы күндері кіреберісте темекі иісі сезіліп, пәтерлерге де кіріп жатыр. Ортақ дәліз бен баспалдақта темекі шекпеулеріңізді сұраймыз. Сыртқа шыққанда да есік пен терезеден алысырақ тұрсаңыздар екен. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет!"

Біреудің пәтер нөмірін атап, суретін жариялап немесе кекесін сөз жазу әңгімені жанжалға айналдыруы мүмкін.

Иіс пәтерге кірсе, есіктің тығыз жабылуын тексеріңіз

Есік айналасындағы резеңке тығыздағыш тозса немесе табалдырықта саңылау қалса, оны жөндету түтіннің кіруін азайтуы мүмкін. Алайда бұл мәселені толық шешпейді. Желдеткіш торын бітеп тастамаңыз: ауа алмасуына қатысты жұмысты маманға тапсырған дұрыс.

Хош иісті спрей де түтінді жоймайды. CDC мәліметінше, терезе ашу, желдеткіш немесе ауа тазартқыш қолдану темекі түтінінен толық қорғамайды.

Өтініш нәтиже бермесе, үйді басқарушыға жүгініңіз

Иіс қайталана берсе, МИБ төрағасына немесе басқарушы компанияға жазбаша хабарлаңыз. Қай қабатта, қай уақытта сезілетінін және пәтерге кіретінін көрсетіңіз. Ортақ хабарландыру ілуді, тұрғындарға ескерту жасауды, есік пен желдету жүйесін тексеруді сұрауға болады.

Көрші дауыс көтерсе, сол жерде дауласып, айтқаныңызды дәлелдеуге тырыспаңыз. "Мен тек үйге түтін кірмесе екен деп өтініш айттым. Қалғанын үйді басқарушымен талқылайық" деп әңгімені аяқтауға болады. Мәселені сабырмен көтеру – оған шыдап жүру деген сөз емес.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары