Ақпаратты әп-сәтте тауып, алыстағы адаммен кез келген уақытта хабарласа алатын болдық. Бірақ оқыған кітабыңды асықпай талқылап, ойыңды бөлмей тыңдайтын орта табу оңай ма? Оқырман клубтарының жетекшілерімен әңгімелескенде осы сұраққа қайта-қайта оралдық. Бірі қазақша оқитын орта қалыптастыру үшін құрылған, енді бірі кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыруды көздейді. Ал қатысушылар мұндай кездесулерден жаңа шығарма ғана емес, пікірлесетін адам, сырласатын дос, өзін еркін сезінетін орта тауып жүр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бес адамнан басталған Shyraq, екі құрбы құрған Sholpy, елдің әр өңіріндегі оқырманды байланыстыратын PARAQTA және ұлтқа қызмет етуді мұрат тұтқан OYORDA. Бағыттары мен жұмыс тәсілі әртүрлі болғанымен, осы бастамаларды тоғыстыратын бір қажеттілік бар. Адамға ойын бөлісетін адам керек.
Бес адамнан басталған Shyraq
Кітап клубының тарихы кейде алғашқы талқыланған шығармамен бірге есте қалады. Shyraq кітап клубының жетекшісі Асқар Нұрбекұлы Ануарбек үшін сондай туынды – Дулат Исабековтің "Бекет" шығармасы. Алғашқы кездесуге бес адам жиналған.
"Ең алғашқы басқосуымызда Дулат Исабековтің "Бекет" шығармасын талқыладық. Бес адам болғанбыз. Сондықтан бұл шығарма біз үшін ерекше есте қалды. Екінші атайтыным – Төлен Әбдіктің "Парасат майданы". Ол кезде қатарымызға жаңа оқырмандар қосылып, ашық аспан астында кездесу өткізген едік. Ал "Әйел махаббаты" клубымыздың сүйікті шығармаларының біріне айналды", – дейді Асқар Нұрбекұлы.
Бір шығармамен алғашқы таныстық байланысты болса, екіншісі жаңа адамдардың келуімен, үшіншісі ұзаққа жалғасқан пікірталастармен есте қалған. Осылайша оқылған кітаптар клубтың өз тарихының да бір бөлігіне айналады.
Асқар Нұрбекұлының айтуынша, кейіпкерлер туралы әңгіме бір кездесумен аяқталмайды. Оқырмандар келесі басқосуда да олардың шешіміне қайта оралып, әрекеттерін бүгінгі өмірмен салыстырады.
"Дулат Исабековтің "Қарғын" романындағы Жасын бізде әлі күнге дейін әңгіме болады. Неге олай істеді деп талқылаймыз. Қыздар оны қазіргі жігіттермен салыстырып жатады. Соңғы оқыған шығармаларымыздың бірі – "Махаббат, қызық мол жылдар". Ондағы Төлеген мен Ерболдың әрекеттері де арамызда талас тудырды. Кейіпкерлерді батыл қадамға бара алмауы жағынан салыстырдық. Оқырмандарымыздың көбі 25 жасқа дейінгі жастар болғандықтан, махаббат тақырыбы жиі қозғалады", – дейді клуб жетекшісі.
Бір оқырман кейіпкерді түсінуге тырысады, екіншісі оның шешімімен келіспейді. Осы тұста шығармадағы оқиға бүгінгі өмірге жалғасып, сезімін ашық айту, жауапкершілік алу, таңдау жасау туралы әңгімеге ұласады.
Жұмыс пен бала күтімінің арасынан табылған уақыт
Кітап клубына тек бос уақыты көп студенттер келеді деген түсінік Shyraq қатысушыларының өміріне сәйкес келе бермейді. Асқар Нұрбекұлының айтуынша, клубқа жұмыс істейтін адамдар, бала күтімімен үйде отырған аналар да қатысады.
"Қатысушыларымыздың көбі – жұмыс істейтін адамдар. Бала күтімімен үйде отырған аналар да бар. Үйде баласымен бірге жүріп кітап оқиды. Аптасына немесе екі аптада бір рет жиналып, оқыған шығармаларымызды талқылаймыз", – дейді Асқар Нұрбекұлы.
Олар үшін кездесуге келудің өзі күнделікті тіршіліктен уақыт бөлуді қажет етеді. Соған қарамастан, оқығанын біреумен бөлісуге деген ықылас қайта жинайды. Кітап жеке оқылғанымен, одан туған сұрақтың жауабы кейде ортақ әңгімеден табылады.
Екі құрбы құрған Sholpy
Sholpy кітап клубын Арайлым Ризақызы мен Сымбат Асланқызы есімді екі құрбы құрған. Сұрақтарымызға жауап берген Сымбат Асланқызының айтуынша, клуб жұмыс істегелі үш жылдан асып, осы уақыт ішінде 40 кездесу ұйымдастырылған. Алғашқы басқосулардан бері тұрақты оқырмандар ортасы қалыптасқан. Оларға жаңадан қосылып жатқандар да бар.
"Біздің клубтың ерекшелігі – жылы, жайлы ортада, кітап таңдауымызда және оны талқылау тәсілімізде деп ойлаймын. Бізді кітапқа қызығушылықпен қатар, ортақ құндылықтар мен дүниетанымымыздың үндестігі біріктіреді. Өмірлік тәжірибеміз, көзқарасымыз, ойымыз әртүрлі. Бірақ сол айырмашылықтардың өзі бір-бірімізді толықтырады. Кейде адамдардың бір ортаға осылай жиналуына ішкі үндестік себеп болатын шығар деп ойлаймын", – дейді Сымбат Асланқызы.
Клубта артық ресмилік жоқ. Қатысушылар ойын ашық айта алады, келіспеуге де, пікір таластыруға да ерікті. Ұйымдастырушылар алғаш келген адамның өзін бөтен сезінбеуіне мән береді.
Жыл сайын клубтың туған күнін атап өту де дәстүрге айналған. Бұл күн олар үшін бас қосатын мереке ғана емес. Бірге оқыған кітаптарды, өткен кездесулерді, клубтың өз тарихына айналған сәттерді еске алуға мүмкіндік береді.
Қазақша кітапты бірге таңдау
Sholpy құрылғанда негізгі бағыты алдын ала айқындалған: қазақ тіліндегі кітаптарды, соның ішінде қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқу. Кезекті кітапты таңдағанда мазмұнына, ұлттық және отбасылық құндылықтардың қалай көрініс тапқанына назар аударады.
Отызға жуық кездесуден кейін қатысушылар шетел әдебиетін де қосуды ұсынған. Содан бері клуб әр үш айда бір рет қазақшаға аударылған шетелдік шығарманы таңдайды.
"Кей оқырман "Өзіміз оқығымыз келіп, бірақ қолымыз тимей жүрген кітаптарды таңдайсыздар" дейді. Енді біреулер бұрын таныс болмаған авторды немесе жанрды ашып, жаңа сүйікті шығармасын табады. Бірақ бізде міндеттеу жоқ. Адамның кітапты оқуға ықыласы болмаса, мәжбүрлемейміз. Кітап оқу ерікті әрі жағымды әдет болып қалғаны маңызды", – дейді Сымбат Асланқызы.
Осы ұстаным талқылауға да әсер етеді. Қатысушы кездесуге біреуге есеп беру немесе қанша кітап оқығанын дәлелдеу үшін келмеуі керек. Ол өзіне әсер еткен дүниені айтып, өзгенің байқағанын тыңдауға келеді.
Кітаптан өз өмірін көргендер
Кей шығарманы талқылағанда оқырмандар автор жазған оқиғадан өз өмірін танып жатады. Sholpy кездесулерінде мұндай сәттер жиі болады екен.
Сымбат Асланқызы Жадыра Шамұрат пен Мария Омардың кітаптарын оқығанда қатысушылар әжелерін еске алып, көзіне жас алғанын айтады. Кітаптағы бір көрініс, бір мінез немесе таныс сөз олардың жадындағы қымбат адамды қайта еске түсірген.
Ал "Морисаки кітап дүкеніндегі күндер" шығармасын талқылауға алғаш келген оқырмандардың бірі кейіпкердің жаңа қалаға, жаңа ортаға бейімделуі, махаббат оқиғасы мен ішкі сезімдері өзінің сол кездегі өмірімен үндесетінін айтқан.
"Әр кітаптан оқырман өзін, басынан өткен оқиғаны, сезімін тауып, кейіпкермен салыстырады. Осындайда бір шығарманың әр адамға әртүрлі әсер ететінін түсінесің", – дейді Сымбат Асланқызы.
Кейде бұл қызығушылық талқылаудан кейін де жалғасады. Оқырмандар ұнаған автордың басқа кітаптарын іздейді. Қаламгер Астанаға келсе, кездесуге баруға тырысады. Шығарма желісімен қойылым сахналанса, оны да көруге ниеттенеді.
Арайлым Ризақызы мен Сымбат Асланқызы кітаптағы кейіпкер немесе оқиға туралы қосымша дерек жинап, таныстырылым дайындайтын кездері бар екенін айтады. Осылайша бір кітап келесі ізденіске жол ашады.
Жапон авторының шығармасын талқылағаннан кейін болған оқиға да клубтың есінде қалған. Кездесуден жарияланған Reels бейнежазбасын автордың өзі тауып алған. Бұдан соң оқырмандар оған кітап туралы пікірін жазып, өзара байланыс орнаған.
"Кітаптың әсері кездесу аяқталғаннан кейін де жалғасатынын осындайда байқаймыз", – дейді Сымбат Асланқызы.
Әдемі кадрдың сыртындағы еңбек
Әлеуметтік желіден кітап клубының суреттерін көргенде үстел үстіндегі кітап, бір кесе кофе, әңгімелесіп отырған адамдар көзге түседі. Ал сол кездесуді өткізуге кеткен дайындық кадрға сыймайды.
Sholpy ұйымдастырушылары алғашқы басқосуларда адамдардың келуіне алаңдаған. Қатысушылар жинала ма, кітапты оқып үлгере ме деген сұрақтар мазалаған. Уақыт өте тұрақты орта қалыптасқанымен, басқа қиындықтар туындаған.
"Әр кездесудің артында Арайлым екеуміздің көзге көріне бермейтін еңбегіміз бар. Алдымен орын іздейміз. Ол тыныш, бәріне қолжетімді әрі өзгелерге бөгет жасамайтын жер болуы керек. Кітаптың мазмұнын тереңірек ашу үшін алдын ала сұрақтар дайындаймыз. Құрбы болғандықтан, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, шабыт беріп отырамыз. Кейде уақыт та тапшы, күшіміз де азайып қалатын кез болады. Бірақ жақсы көретін ісіміз болғандықтан, тастағымыз келмейді", – дейді Сымбат Асланқызы.
Олар клубты табыс көзі ретінде қарастырмағанын айтады. Негізгі ниеті – қазақша кітап оқитын орта қалыптастыру, өздері де, қатысушылар да осы істен қуат алуы.
"Біз клубқа ешқашан табыс көзі ретінде қараған емеспіз. Басты мақсатымыз – қазақша кітап оқитын ортаны қалыптастыру және осы істен өзіміз де, оқырмандарымыз да ләззат алу. Ақша таппасақ та, күш-қуат жинаймыз", – дейді Сымбат Асланқызы.
Оқырманға бас қосатын орын керек
Клуб жетекшілерінің сөзінен кітап оқуды насихаттаудың күнделікті, қарапайым кедергілері де байқалады. Соның бірі – кездесуге лайықты орын табу.
Sholpy басында шағын кофеханаларда жиналған. Қатысушылар көбейгенде өзге қонақтарға кедергі келтіріп қоймаймыз ба деген алаңдаушылық туған. Үлкен мейрамханалар мен кітап кафелерінің кейбірі депозит талап етеді. Ал клуб мүшелері мол дастарқаннан гөрі, бір кесе шай не кофе алып, шығарманы талқылағанды ұнатады.
Кітапхана да кез келген кездесуге бірдей қолайлы бола бермейді. Сымбат Асланқызының айтуынша, олар пайдаланған кеңістіктерде қызу пікірталас өткізу, еркін қозғалу немесе дауыстап сөйлесу қиын болған.
"Кітап клубына лайық орын табу оңай емес. Жастарға кітапты ашық, еркін талқылай алатын заманауи, тегін алаңдар ауадай қажет", – дейді Сымбат Асланқызы.
Бұл – клубтардың болашағына тікелей қатысы бар мәселе. Кітап алуға қызыққан адам оны жеке оқи алады. Ал тұрақты орта қалыптастыру үшін адамдардың қайта жиналатын жері болуы керек.
PARAQTA: алыстағы оқырманды жақындатқан платформа
Кей клубтар бір қалада бас қосатын ортаны іздесе, PARAQTA елдің әр түкпіріндегі оқырманды байланыстыруға ұмтылған.
Жобаның негізін қалаушы Құрал Ердәулет Аянұлының айтуынша, бастапқы ой – қай өңірде тұратынына қарамастан, адамдардың кітап оқитын ортаның бір бөлігі екенін сезінуіне мүмкіндік беру. Екінші мақсат – қазақ тілінде оқу барысын қадағалайтын құрал жасау.
Мұндай құралды оқу трекері деп атайды. Ол оқырманның қандай кітап оқып жүргенін, қанша бетке жеткенін, оқуға қанша уақыт бөлгенін белгілеп отыруға көмектеседі.
"Алғашында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі адамдармен байланыс орнатқымыз келді. Олар да осындай ортаны сезінсе дедік. Сонымен бірге өзімізге қазақ тіліндегі оқу барысын қадағалайтын қолданба жасауды ойладық. Әуелі Telegram-бот болды, кейін сайт ашылды. Сұхбат беріп отырған кезде мобильді қосымшамыздың шыққанына он күн болды. Ал жобаның басталғанына бір жыл екі ай өтті", – дейді Ердәулет Аянұлы.
Ердәулет Аянұлының сұхбатта берген мәліметі бойынша, PARAQTA-да 21 мыңнан астам оқырман бар. Пайдаланушылардың оқығаны шамамен 1,2 миллион бетке жеткен.
Жоба авторы үшін осы көрсеткіштердің артында бір реттік қызығушылықтан гөрі күнделікті дағды тұрғаны маңызды.
"Біз тек кітап талқылайтын орта жасауды көздеген жоқпыз. Күн сайын кітап оқуға көмектесетін, әдет қалыптастыратын жүйе жасағымыз келді", – дейді Ердәулет Аянұлы.
Бірге оқуға достың ықпалы
PARAQTA-да пайдаланушы өз оқырман клубын құрып, достарын шақыра алады. Бірге кітап таңдап, оқығанын талқылауға, досына ұпай сыйлауға мүмкіндік бар. Ердәулет Аянұлының айтуынша, платформада 180-нен астам оқырман клубы тіркелген.
Жүйе қатысушылардың оқу барысын көрсетеді: кім қанша күн оқыды, қандай кітапты қолға алды, қанша бет оқыды, оған қанша уақыт жұмсады – осы мәліметтер жиналып отырады.
"Көп клуб офлайн орта ұсынады, біздікі – онлайн орта. Өзіңіз клуб ашып, достарыңызды қосып, бірге оқып, бірге талқылай аласыз. Бір кездесуде бір кітап туралы сөйлесумен шектелмей, күнделікті әдет қалыптастыруға көмектескіміз келеді. Толық статистика шығып тұрады. Қазақ тілінде осындай мүмкіндіктері бар платформа жасауды мақсат еттік", – дейді Ердәулет Аянұлы.
Мұнда кездесетін орын іздеу мәселесі басқаша шешілген. Қатысушылар бір-бірінен алыста жүрсе де, ортақ кітаптың айналасына жинала алады. Ал достарының оқу барысын көру адамның бастаған ісін жалғастыруына түрткі болуы мүмкін.
Министрмен кездесуде не айтылды?
Ердәулет Аянұлының айтуынша, мәдениет және ақпарат министрі жобаны әлеуметтік желіден көріп, авторларын қабылдауға шақырған. Кездесуде платформаның жұмысы таныстырылып, оны дамытуға қажет қолдау туралы сөз болған.
"Министр жобамызды Facebook-тен көріп, ұнатып, қабылдауына шақырды. Бастаманың ерекшелігін атап, қолдауға дайын екенін білдірді. Біз де өз тарапымыздан ұсыныстарымызды айттық", – дейді Ердәулет Аянұлы.
Соның бірі – платформадағы кітап қорын көбейту. Сұхбат кезінде қолданбада шамамен 150 кітап болған. Авторлар осы қорды толықтыруға көмек сұраған.
Ердәулет Аянұлы кітаптарды алдағы бір-екі аптада алуға үміттенетінін жеткізді. Кездесу туралы 12 қарашада жарияланған материалда да кітап қорын заңды негізде толықтыруға жәрдемдесу, оқырмандардың офлайн кездесулері мен бірлескен іс-шараларға арналған алаңдарды қарастыру мәселелері аталған.
OYORDA: оқырманнан бастама көтеретін адамға дейін
OYORDA жетекшісі Жансұлтан Ғизатұлы үшін кітап клубының мәні шығарманы оқып, мазмұнын талқылаудан кеңірек. Қауымдастықты құрған адамдарды ана тілінің қолданысын кеңейту, ұлттық құндылықтарды сақтау және Алаш мұратын жалғастыру ниеті біріктірген.
Жансұлтан Ғизатұлы 2024 жылғы 20 қаңтарда алғашқы құрылтай өткен кезде Тодд Генридің шығармашылық ұжымды басқару туралы кітабын оқып жүргенін еске алды. Сондағы бір ой есінде қалған: үлкен бастамалар әлдебір адамның көшбасшы болуға шешім қабылдауынан басталады, ал адамның ықпалы өскен сайын өз мүмкіндігінің ауқымы да таныла түседі.
"Сол кезде OYORDA-ның негізін қалаушылар оқырманнан көшбасшы болуға шешім қабылдады деп ойлаймын. Біз бірге кітап оқитынбыз. Бәріміздің көкейіміздегі арман – Алаш арманын жалғастыру, олардың асыл сынығы болу. Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, ғылым мен кәсіп тіліне айналуына үлес қосқымыз келеді. Ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, төл мәдениетіміздің мән-мағынасын сақтауды көздейміз", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Оны толғандыратын мәселелердің бірі – адамның ана тілінен, тарихынан алыстауын қалыпты қабылдауы. Жансұлтан Ғизатұлы мұндай құбылысты елордадағы әр буынның арасынан байқайтынын айтады. Қауымдастықтың кітапты құрал етуінің себебі де осы: оқу арқылы тілге, мәдениетке, тарихқа жақындай түсу.
"Қазақ ойлы оқырмандардың ұлты болуы керек. Ойлы адам өткенінен сабақ алады, бүгінінен есеп алады, ұлт болашағына сеніммен қарап, сол болашақ үшін еңбектенеді. Біздің мақсатымыз — оқырман мәдениетін қалыптастыру, кітап арқылы асыл құндылықтарымызды дәріптеу, бойға сіңіру, көздің қарашығындай сақтау", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
"Ой" мен "орда" нені білдіреді?
Жансұлтан Ғизатұлы қауымдастық атауын да осы мұратпен байланыстырады. Оның түсіндіруінше, "ой" адамның санасын, білімін, парасаты мен мәдениетін танытады. Ал "орда" – адамдар бас қосып, ортақ мәселелерді талқылайтын алаң.
Қауымдастық мүшелері бір-бірін рухтас деп атайды. Олардың рухани жақындығын қалыптастырған нәрселер қатарында ана тілі, ауылдағы өмір, әдебиет, салт-дәстүр, ата-әже тәрбиесі мен адал ас бар.
"Бастапқы арманымыз әлі де бойымызда. Кеміген жоқ. Әр маусымда қатарымызға қосылатын жаңа көшбасшылардан да осы мұратты көреміз. Ойлы жастар көбейіп келеді. Біз өзіміз және ата-бабаларымыз сусындап өскен құндылықтарды сақтауға ұмтыламыз", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Қауымдастық жетекшісі үшін ойлы орта – маңызды мәселені талқылап қана қоймай, ниетіне сай әрекет ететін орта.
"Жұртқа керегін білетіндер көп, істейтіндер аз" деген Ахаңның сөзін еске аламыз. Біз ойыншы емес, жұмысшы болғымыз келеді. Жүйелі еңбектеніп, қоғамның бір жыртығын жамауды, кірпіш болып қалануды көздейміз. Кітап ойлануға, ойға ой қосуға, ойымызды шыңдауға көмектеседі. Көркем әдебиет болсын, іскерлік немесе тұлғалық даму туралы кітап болсын, әрқайсысынан аларымыз бар", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Көркем әдебиетке көзқарасын өзгерткен кездесу
Кітап туралы әңгіме кейде адамның оқуға деген көзқарасын да өзгертеді. Жансұлтан Ғизатұлы сондай сәттің бірі 2024 жылдың жазында болғанын айтады.
OYORDA мүшелері Қарағандыға барып, Natige кәсібі мен Qadym Kitap баспасының иесі Ерлан Әшіммен кездескен. Сол уақытқа дейін Жансұлтан Ғизатұлы көркем әдебиетті көбіне тіл байлығы мен көркемдік үшін оқиды деп түсінген.
"Ерлан ағамыз басқаруды үйренгің келсе, Шыңғысхан туралы оқы, өзгенің күйін түсінудің қандай болатынын "Ақ кемеден" көресің, ана мен баланың қарым-қатынасын "Ай мен Айшадан" таны деді. Сол кезде көркем әдебиетте адам тағдыры суреттелетінін тереңірек түсіндім. Ал өзгенің өмірінен сабақ алу – есті адамның ісі. Содан бері көркем әдебиетті мақсатпен, бұдан не аламын, қандай ой түйемін деп оқитын болдым", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Бұл естелік кітап клубының ықпалы бір шығарманың шеңберінде қалмайтынын көрсетеді. Ортақ сапар, бір адамның әңгімесі немесе тосын пікір оқырманның кейінгі таңдауына әсер ете алады.
Бәрі бір пікірге келуі міндетті ме?
Бір кітапты оқыған адамдардың одан бірдей ой түймеуі – OYORDA үшін талқылаудың қалыпты бөлігі. Жансұлтан Ғизатұлы пікір қайшылығы әңгімені тереңдете түсетінін айтады.
"Кітап талқылауының қызықты сәті – оқырмандардың бір пікірге келе алмауы. Бәріміз бір шығарманы оқысақ та, әртүрлі ой түюіміз мүмкін. Көпшілікке ұнаған кітапты бір адам мүлде ұнатпауы ықтимал. Оның бұған толық құқығы бар. Оны шығарманы түсінбеді деп бағалаудың орнына, неге олай ойлайтынын түсінуге тырысқанымыз жөн", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Көзқарастар қайшы келгенде эмоцияға берілетін сәттер де болады. Сондықтан клубта адамның өзімен емес, айтқан ойымен келіспеуге болатыны еске салынады.
Талқылауда бір-бірінің сөзін бөлмеу, жеке басқа өтпеу, өз пікірін өзгермейтін ақиқат ретінде ұсынбау маңызды. Ойын айтуға қысылатын адамға да уақыт қажет. Біреу пікірін бірден жеткізеді, енді бірі ойланып, сөзін жинақтап барып сөйлейді.
"Жақсы модератордың міндеті – әңгімені өзі иеленіп, бәріне дұрыс жауапты көрсетіп отыру емес. Ол әр адамның дауысы естілуіне жағдай жасауы керек. Кейде үндемей отырған адамнан "Сіз бұл туралы не ойлайсыз?" деп сұраудың өзі жеткілікті. Бірақ оны міндетті түрде сөйлеуге мәжбүрлемеген жөн", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Оның ойынша, кездесу соңында ортақ қорытынды шықпауы талқылау нәтижесіз өтті дегенді білдірмейді. Екі адам бұрынғыдай екі түрлі пікірде қалуы мүмкін. Бірақ бір-бірінің неліктен солай ойлайтынын түсінсе, соның өзі маңызды нәтиже.
"Мақсатымыз – бәрімізді бірдей ойлайтын адамға айналдыру емес. Құндылықтары ортақ, бірақ әртүрлі ойлайтын адамдардың бір-бірін түсіне алатын ортасын қалыптастырып, сыни ойлауды дамыту. Ойлы орта осындай талқылаудан басталады деп білемін", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Кітап талқылауынан ұлтқа қызмет ету туралы әңгімеге дейін
15 қарашада өзіміз қатысқан OYORDA кездесуінің тақырыбы "Ұлтқа қызмет ету" болды. Жылы, жайлы жерде өткен басқосуға студенттермен қатар, әр салада жұмыс істейтін адамдар және жасы үлкен қатысушылар да келді.
Кездесу барысында Ахмет Байтұрсынұлының сөз қолданысына қатысты сауалдар да талқыланды. Әңгіме бір адамның баяндауымен шектелген жоқ. Қатысушылар топтарға бөлініп, зияткерлік ойындарға араласты, өзара сөйлесіп, білгенімен бөлісті.
Осы сәттерден клубтағы ортаның қалай қалыптасатыны байқалды. Бір үстел басына жиналған адамдардың жасы мен кәсібі әртүрлі болғанымен, ортақ сұрақ олардың әңгімесіне жол ашты. Біреу өз ойын айтты, екіншісі оны толықтырды, үшіншісі басқа қырынан қарауды ұсынды.
Адамдар мұндай ортаға не іздеп келеді?
Жансұлтан Ғизатұлы үш жылға жуық уақыт ішінде жүздеген оқырманмен танысқанын айтады. Оның байқауынша, адам алғашында кітап талқылауға келуі мүмкін. Ал тұрақты қатысуына көбіне сол жердегі адамдар мен қарым-қатынас әсер етеді.
"Кейде адам кітап оқиды, бірақ оқығаны туралы сөйлесетін ортасы болмайды. Кітапты жеке оқу мен басқа адамдармен талқылаудың айырмасы үлкен. Өзің байқамаған қырды біреуден естисің. Өзіңді толғандырған сұраққа басқа адамның мүлде өзге тұрғыдан жауап бергенін көресің. Бұл – ерекше тәжірибе", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Оның ойынша, осы қажеттіліктің астарында адамның тыңдалуға, түсінілуге деген ықыласы жатыр. Кейде бізбен міндетті түрде келісетін адамнан гөрі, келіспесе де, не айтқымыз келгенін түсінуге тырысатын адам қымбат.
"Біреу кітап оқу үшін келеді, біреу рухтас орта іздейді. Кей адам осы екі қажеттіліктің де орнын табады. Алғаш келген адамның тұрақты қатысушыға айналуына ең алдымен өзін бөтен сезінбеуі әсер етеді. Қандай кітап оқығаны, қанша білетіні, ойын қаншалықты әдемі жеткізетіні үшін өзін дәлелдеуге міндетті емес екенін сезінуі керек", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Екінші маңызды нәрсе – адамның пікірі ескерілгенін сезінуі. Біреудің сөзіңді мұқият тыңдауының өзі келесі кездесуге келуге ынталандырады.
"Күнделікті өмірде көбіне жауап беру үшін тыңдаймыз. Ал түсіну үшін тыңдау сирек кездеседі", – дейді қауымдастық жетекшісі.
Бір рет келген адамның өзі не алып кетеді?
Клубқа келгендердің бәрі тұрақты қатысушыға айналмайды. Жансұлтан Ғизатұлы мұны біржақты бағалауға болмайтынын айтады.
Бір адамға кездесу тәсілі қолайсыз болуы мүмкін, екіншісінің уақыты жетпейді, үшіншісі басқа орта іздейді. Кейбірі бір рет келіп-ақ өзіне қажет ойды, таныстықты немесе қолдауды алып кетуі ықтимал.
"Біз адамдардың OYORDA-ға қайта-қайта келгенін ғана жетістік деп санамауымыз керек. Бір рет келіп, жаңа ой, жаңа таныстық немесе өзіне сенім алып кетсе, соның өзі құнды. Мен үшін жетістік келген адамның санымен ғана өлшенбейді. Осы ортадан шыққаннан кейін оның бойында қандай ой, қандай сұрақ, қандай жақсы өзгеріс қалғаны маңызды", – дейді Жансұлтан Ғизатұлы.
Ол кітап пен ортаның адам өмірінде бірін-бірі толықтыра алатынын былай түсіндіреді:
"Кейде адам кітап іздеп келіп, өзіне жақын адамдарды табады. Кейде адамдарды іздеп келіп, кітапқа деген махаббатын ашады. Екеуінің де орны бөлек".
Технология дамыған сайын қадірі артатын кездесу
Данияр Жігітбектің әлеуметтік желідегі жазбасында да адамдардың жүзбе-жүз бас қосуына жағдай жасайтын бастамалардың болашағы туралы ой айтылады. Ол уақыт өте адамдардың жиналып, шүйіркелесіп, еркін әңгімелесуін ұйымдастыру қиындай түсуі мүмкін екенін, ал мұндай қарым-қатынастың адамға қажет болып қала беретінін атап өткен. Осы тұрғыдан кітап клубын жүргізіп, оны тұрақты іске айналдыра алатын адамдарға сұраныс болады деп болжайды.
Біз сөйлескен клуб жетекшілерінің тәжірибесі осы ойдың күнделікті өмірдегі көрінісін танытады. Sholpy-ға тұрақты бас қосатын орын керек. Shyraq мүшелері жұмыс пен бала күтімінің арасынан кітапқа уақыт табады. PARAQTA алыстағы оқырманның өзін жалғыз сезінбеуіне жағдай жасайды. OYORDA адамдардың келіспесе де, бірін-бірі тыңдай алуына мән береді.
Оқырман ортасын сақтау үшін кітап таңдау жеткіліксіз. Кездесуді дайындау, қолайлы орын табу, әр адамның пікіріне кезек беру, жаңа келгенді жатсындырмау – осының бәрі уақыт пен еңбекті қажет етеді. Бұл еңбектің нәтижесі кейде оқылған бет санынан көрінеді. Кейде бұрын сөйлеуге қысылған адамның алғаш рет пікір айтуынан, бір шығармадан өз өмірін таныған оқырманның әңгімесінен байқалады.
Ақпаратты табу жеңілдеген сайын, оны бірге ой елегінен өткізетін ортаның да қадірі сезіледі. Кітап клубтарының жетекшілері құрып жүрген кеңістік – сондай орта. Бір кітаптың соңғы бетін жапқаннан кейін де жалғасатын әңгіме адамдарды қайта кездестіреді.