Malim.kz
MALIMet

Көлікті суыққа дайындау: жүргізушілер ұмытатын 7 маңызды нәрсе

• Алуа Әшірбекова
Фото: canva.com

Күн суыта бастағанда көп жүргізуші қысқы дөңгелекті ауыстырумен ғана шектеледі. Алайда аяз кезінде көліктің оталмай қалуы, әйнектің дұрыс тазаланбауы немесе аккумулятордың әлсіреуі жолда үлкен мәселеге айналуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі де қыс басталмай тұрып көлікті толық техникалық тексеруден өткізіп, қысқы сапарға қажетті заттарды алдын ала дайындауды ұсынады. 

1. Аккумуляторды аяз түспей тұрып тексеріңіз

Қыста жүргізушілер жиі кездесетін мәселенің бірі – таңертең көліктің оталмай қалуы.

AAA дерегінше, ауа температурасы 0°C шамасына түскен кезде қозғалтқышты іске қосуға шамамен 30 пайыз көбірек қуат қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар суық аккумулятордың қуат беру мүмкіндігін төмендетеді. 

Сондықтан қозғалтқыш бұрынғыдан баяу айналып, көлік бірден оталмай жүрсе, аккумуляторды тексерткен дұрыс.

Батарея клеммаларында ақ немесе жасыл түсті қақ пайда болса, бұл да назар аударатын белгі.

Тағы бір қателік — көлікті күн сайын тек бірнеше минутқа ғана айдау. Қысқа сапарларда генератор аккумуляторды толық зарядтап үлгермеуі мүмкін. 

2. Дөңгелектің қысымын міндетті түрде тексеріңіз

Күн салқындаған сайын шинаның ішіндегі ауа қысымы төмендеуі мүмкін.

AAA суық ауада шина ішіндегі ауа жиырылып, қысымның төмендейтінін түсіндіреді. Бұл шинаның тозуына, жанармай шығынына және көліктің басқарылуына әсер етуі мүмкін. 

Шина қысымын көлік бірнеше сағат тұрған кезде, яғни дөңгелек суық күйінде өлшеген дұрыс.

Қандай қысым қажет екенін шинаның сыртына қарап анықтамаңыз. Нақты көрсеткіш көбіне жүргізуші есігінің жақтауындағы жапсырмада немесе көліктің нұсқаулығында жазылады.

3. Қысқы шинаны тек алдыңғы екі дөңгелекке салу жеткіліксіз

Қазақстанда қысқы кезеңде қысқы шиналар барлық дөңгелекке орнатылуы тиіс.

Полицияның ресми түсіндіруіне сәйкес, қысқы шинаның протекторының қалдық биіктігі кемінде 4 мм болуы керек. 

Қысқы шинаны тек алдыңғы немесе артқы екі дөңгелекке орнату көліктің тепе-теңдігін бұзып, тайғақ жолда басқаруды қиындатуы мүмкін.

Қазақстанда 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін қысқы шиналар міндетті. Талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. 

2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге, демек 5 АЕК – 21 625 теңге. 

4. Әйнек жуғышқа жай су құю қыста қауіпті

Жазда әйнек жуғыш бачокқа су құйып жүрген жүргізушілер бар.

Бірақ аяз түскенде су қатып, бачокқа, сорғыға немесе шлангтарға зақым келтіруі мүмкін.

Сондықтан қыс басталмай тұрып жазғы сұйықтықтың орнына төмен температураға арналған әйнек жуғыш сұйықтық құйған дұрыс.

AAA қысқы маусымда әйнек жуғыш сұйықтықтың жеткілікті екенін және оның аязда қатпайтын құрамда болуын тексеруді ұсынады. 

5. Антифризді тек түсіне қарап бағаламаңыз

Антифриз қозғалтқышты тек қызып кетуден емес, суықта қатып қалудан да қорғайды.

Оның деңгейін ғана емес, күйін де тексеру қажет.

Әртүрлі марка мен құрамдағы салқындатқыштарды ойланбай араластыруға болмайды. Көлік өндірушісі көрсеткен антифриз түрін қолданған дұрыс.

Егер сұйықтық деңгейі жиі төмендесе, үстінен құя бермей, ағып жатқан жер бар-жоғын анықтау қажет.

AAA суық маусым алдында салқындату жүйесіндегі шлангтарды, ағып кетулерді және антифриз жағдайын тексеруді ұсынады. 

6. Мұзды сүрткішпен күштеп тазаламаңыз

Таңертең әйнек мұз болып тұрғанда кей жүргізушілер бірден әйнек тазалағышты қосады.

Бұл дұрыс емес.

Қатып қалған резеңке әйнекке жабысып тұрса, моторға артық салмақ түседі немесе сүрткіштің резеңкесі бүлінуі мүмкін.

AAA әйнектегі мұзды тазалау үшін сүрткішті қырғыш ретінде пайдаланбауға кеңес береді. Алдымен әйнекті арнайы қырғышпен немесе жылыту жүйесімен тазартқан жөн. 

7. Жүксалғышта қысқы "авариялық жинақ" болғаны дұрыс

Қала ішінде бұл артық нәрсе сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ трассада боранға немесе көлік ақауына тап болсаңыз, қарапайым заттардың өзі үлкен көмек береді.

Қазақстан ТЖМ жүргізушілерге көлікте:

күрек, сүйреу арқанын, жылы киім немесе көрпе, қолшам мен қосымша батарея, алғашқы көмек қобдишасын алып жүруді ұсынады. 

AAA бұл тізімге мұз қырғыш, іске қосу сымы, су және жеңіл тағам қосуды да ұсынады. 

Елді мекеннен тыс жерге шығар алдында ауа райын және жолдың жағдайын тексерген дұрыс. Қазақстанда республикалық жолдардың жағдайын 1403 нөмірі арқылы білуге болады. Ал төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет. 

Қыста көлікті ұзақ қыздыру міндетті ме?

Заманауи көліктердің басым бөлігін ұзақ уақыт бос жүрісте ұстап қыздырудың қажеті жоқ. Дегенмен нақты талап қозғалтқыш түріне, ауа температурасына және өндірушінің нұсқаулығына байланысты.

Ең дұрыс жол — көлікті іске қосқан соң қысқа уақыт күтіп, алғашқы шақырымдарда қозғалтқышты жоғары айналымға салмай, жай жүріп қыздыру.

Ескі көліктерде немесе қатты аяз кезінде жағдай өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан көлік моделіне арналған өндіруші нұсқаулығы негізгі бағдар болуы тиіс.

Бір күнде тексеруге болатын қысқы чек-лист

Қыс түспей тұрып аккумуляторды, қысқы шинаны және оның қысымын, антифризді, әйнек жуғыш сұйықтықты, сүрткіштерді, фараларды және тежегіштерді тексеріңіз.

Жүксалғышқа қысқы төтенше жағдай жинағын салып қойыңыз.

Осындай қарапайым дайындық таңертең оталмай қалған көліктен бастап, трассада тұрып қалуға дейінгі көптеген мәселенің алдын алуға көмектеседі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары