Көлсай көлдерінде демалып жүрген 16 жастағы қызды жылан шағып, ол ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға орнында кезекшілік атқарып жүрген құтқарушыларға демалушылар көмек сұрап жүгінген. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері зардап шеккен қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін қызметтік автокөлікпен медициналық мекемеге жеткізген.
ТЖМ жылы мезгілде жыландардың белсенділігі артатынын ескертті. Осыған байланысты демалушыларға белгіленген бағыттан шықпауға, аялдайтын орынды мұқият тексеруге, жыландарға жақындамауға және оларды ұстауға әрекет жасамауға кеңес берілді.
Егер адамды жылан шақса, дереу медициналық көмекке жүгініп, 112 нөміріне хабарлау қажет.