Стендап-комик Нұрлан Сабуров күтпеген жерден Ресейге бару құқығынан айырылды. Бұл туралы Ertenmedia.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Әдетте сахнада өткір әзілдерімен көпшіліктің көңілінен шығатын комик келеңсіз жағдайға тап болды. Ресейдің құқық қорғау органдары Сабуровқа ел аумағына кіруге 50 жыл бойы тыйым салу туралы шешім қабылдаған. Олардың айтуынша, бұған себеп комиктің Украинадағы соғысқа қатысты сын пікірлері, сондай-ақ Ресейдің миграциялық және салық заңдарын бұзуы.
Мәселенің мән-жайына тоқталсақ, Нұрлан Ресейге Дубайдан ұшып келгенде, оны Мәскеудің Внуково әуежайында тексеріс кезінде тоқтатып, елге кіргізуден бас тартқан. БАҚ өкілдерінің жазуынша, қазір ол кері ұшатын билеті болмағандықтан әуежайда қалып қойған.
Ресейлік құқық қорғау органдарының деректеріне сенсек, Нұрлан Сабуров Ресейде белгіленген мерзімнен артық тұрған. Бұдан бөлек, оның Ресейде тапқан табысын заңсыз жолдармен елден шығарып, делдалдар арқылы заңдастырумен айналысқаны да айтылуда. Сабуровтың Ресейдегі мүлкі шамамен 60 миллион рубльге (шамамен 385 миллион теңге) бағаланған.
Ал соңғы бір жылда Ресейде Сабуровтың концерттеріне қарсы әрекеттер күшейген. Нижневартовск, Екатеринбург, Обнинск сияқты бірнеше қалада билік органдары комиктің концерттеріне тыйым салған еді. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл комиктің Алматыда өткен концертінде Ресейден Қазақстанға көшкен азаматтарды әзілдеп сынағанымен де байланысты болуы мүмкін.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, пікір екіге жарылды. Бір тарап Сабуровты қолдаса, екінші тарап комиктің бұған өзі кінәлі екенін айтуда.
Қалай болғанда да, бір кездері Ресейде аса танымал болған комиктің тағдыры күрделі кезеңге аяқ басқан сыңайлы. Енді Нұрлан Сабуровтың келесі қадамы қандай болмақ бұл сауал әлі жауапсыз. Әзірге ол Мәскеу әуежайында өз тағдырының шешімін күтуде.