Malim.kz
Оқиға

Конгода Эбола індетінен қайтыс болғандар саны 80 адамға жетті

Сабина Асқарқызы
Getty Images

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конгодағы Эбола індетінің өршуіне байланысты дабыл қақты. Ұйымның мәліметінше, Конго Демократиялық Республикасында вирус жұқтырғандар арасында қаза тапқандар саны 80 адамға жеткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Соңғы зертханалық талдаулар Итури провинциясындағы екі денсаулық сақтау аймағынан алынған 13 сынаманың сегізінен Бундибуджио эболавирусының штамы анықталғанын көрсетті. Мамандар бұл вирустың қауіпті түрлерінің бірі екенін атап отыр.

Індетке байланысты ДДСҰ аймаққа арнайы сарапшылар миссиясын жіберді. Олар жергілікті билікпен бірлесіп, жағдайды бақылауға алып, індеттің таралуын шектеу шараларын күшейтіп жатыр. Алайда ұйым өкілдері ауру таралған аумақтарда халықтың қозғалысы жоғары және санитарлық жағдай күрделі екенін айтып, індеттің өзге елдерге таралу қаупі сақталып отырғанын мәлімдеді.

Осы арада көршілес Угандада да вирус жұқтыру жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі Конгодан келген науқастан Эбола анықталғанын растады. Науқас медициналық мекемеде ем қабылдағанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Еске салсақ, бұған дейін Конгода Эболаның жаңа ошағы анықталып, 65 адамның көз жұмғаны хабарланған болатын. Қазіргі таңда елде вирус жұқтырудың шамамен 246 жағдайы тіркелген.

ДДСҰ өкілдері індеттің кең таралуының алдын алу үшін халықаралық бақылау шараларын күшейтіп, шекаралас елдерде де санитарлық қадағалауды арттыру қажеттігін атап өтті.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары