Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында қаралды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жобаны әзірлеу барысында соңғы алты айда азаматтардан, қоғамдық ұйымдардан, саяси партиялар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар, сондай-ақ комиссия мүшелерінің пікірлері мен ескертулері ескерілген.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, жаңа Конституция кіріспеден, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Оның сөзінше, Конституцияның Преамбуласы толық жаңартылып, онда елдің өткенін ұлықтайтын әрі бүгіні мен болашағына бағдар беретін жалпыұлттық құндылықтар қамтылған.
Сондай-ақ жаңа жобада адами капиталды, білім беруді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғаны атап өтілді.
Бақыт Нұрмұханов енгізілген жаңашылдықтардың жан-жақты талқыланғанын және кең қолдау тапқанын мәлімдеді.