Malim.kz
Саясат

Конституциялық Соттың 10 судьясы тағайындалды

Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz | Жи арқылы өңделген

Құрылтай Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының он судьясын тағайындауға келісім берді. Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлықтарға қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Конституциялық Сот судьясы қызметіне:

Сәкен Абдолла, Лейла Сұлтанқызы Жақаева, Қайрат Төлегенұлы Жақыпбаев, Айжан Ержанқызы Жатқанбаева, Айгүл Қуанышбайқызы Қыдырбаева, Қанат Сергейұлы Мусин, Бақыт Маратұлы Нұрмұханов, Сергей Васильевич Скрябин, Аслан Султанович Тукиев және Сергей Федорович Ударцев тағайындалды. 

Кандидатураларды Құрылтай отырысында Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр таныстырған. Депутаттар ұсынылған кандидаттарды қолдады. 

Конституциялық Сот – конституциялық бақылауды жүзеге асыратын және ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган. Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, ол төраға мен он судьядан тұрады, олардың өкілеттік мерзімі – сегіз жыл.

 

Тағайындалған судьялар кімдер?

• Сәкен Абдолла – бұған дейін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы қызметін атқарған. Сондай-ақ Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымына кадр резервінде болған. 

• Лейла Жақаева – заң ғылымдарының докторы, профессор. Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында профессор болып еңбек еткен. Бұған дейін Жоғарғы Сот аппаратының талдау және жоспарлау бөлімін басқарған. 2026 жылы заң ғылымын дамыту және заңгер кадрларды даярлауға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. 

• Қайрат Жақыпбаев – құқық қорғау және мемлекеттік басқару саласында ұзақ жыл еңбек еткен заңгер. Прокуратура органдарында, ІІМ жүйесінде, Парламент Мәжілісі аппаратында және Президент Әкімшілігінде қызмет атқарған. 2023 жылдан бері Конституциялық Сот судьясы болған. 

• Айжан Жатқанбаева – заң ғылымдарының докторы. Ұзақ жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқытушылық және ғылыми қызметпен айналысып, кафедра меңгерушісі болған. 2023 жылдан Конституциялық Сот судьясы қызметін атқарды. 

• Айгүл Қыдырбаева – сот жүйесінде 1990-жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан заңгер. Аудандық және қалалық соттарда, кейін Жоғарғы Сотта судья және сот алқасының төрағасы болған. 2023 жылдан Конституциялық Сот судьясы қызметін атқарған. 

• Қанат Мусин – прокуратура, әділет және сот жүйесінде еңбек еткен. Мәжіліс депутаты әрі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, Жоғарғы Сот судьясы болған. 2022 жылы Әділет министрі қызметін атқарып, 2023 жылдан Конституциялық Сот судьясы болды. 

• Бақыт Нұрмұханов – конституциялық құқық саласының маманы, заң ғылымдарының кандидаты. Конституциялық Кеңес аппаратында түрлі қызметтер атқарып, 2017–2022 жылдары аппарат басшысы болған. 2023 жылдан Конституциялық Сот судьясы, сол жылдың қаңтарынан Сот төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 

• Сергей Скрябин – заң ғылымдарының кандидаты, доцент, азаматтық құқық саласындағы ғалым. Заңнама және құқықтық ақпарат институтының бас ғылыми қызметкері, Конституциялық Сот жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі болған. 

• Аслан Тукиев – 1979 жылы Қарағандыда туған. Заңгер және экономист мамандықтарын меңгерген. Полиция, сот сараптамасы және сот жүйесінде еңбек етіп, кейін Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарған. 

• Сергей Ударцев – заң ғылымдарының докторы, профессор. 1992–1995 жылдары да Қазақстанның Конституциялық Сотының судьясы болған. Кейін заң ғылымы мен жоғары білім саласында қызмет етіп, ҚазГЮУ-да профессор, проректор, ректор және ғылыми-зерттеу институтының директоры болған. 2023 жылдан қайта құрылған Конституциялық Соттың судьясы қызметін атқарды. 

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары