Malim.kz
MALIMet

Көпшілік біле бермейтін бес жағдай: Ажырасқанда пәтер кімге қалады?

• Алуа Әшірбекова
фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Ерлі-зайыптылар ажырасқанда бар мүлік тең бөлінеді деген түсінік бар. Алайда баспанаға қатысты мәселе әрдайым осылай шешіле бермейді. Кей жағдайда некеде тұрған кезде сатып алынған пәтердің өзі ерлі-зайыптылардың біреуіне ғана қалуы мүмкін. Қандай баспана ортақ мүлік саналады, сыйға берілген немесе мұраға қалған үй бөліске түсе ме, ал ипотеканы кім төлейді? Бұл туралы Malim.kz тілшісі Krisha.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Некеде сатып алынған баспана қалай бөлінеді?

Жалпы ереже бойынша, ерлі-зайыптылардың некеде жүргенде ортақ қаражатқа сатып алған мүлкі екеуіне де тиесілі саналады. Пәтердің кімнің атына рәсімделгені немесе ақшаны кім төлегені бұл құқықты өзгертпейді.

Мәселен, күйеуі баспана сатып алып, оны өз атына тіркеген делік. Бұл әйелінің сол пәтерге құқығы жоқ дегенді білдірмейді. Ажырасқан жағдайда ол да ортақ мүліктегі үлесін талап ете алады.

Ақылы жұмыс істемей, бала тәрбиесімен және үй шаруасымен айналысқан жұбайдың да құқығы сақталады. Отбасына қосқан үлес тек тапқан табыспен өлшенбейді.

Әдетте ортақ мүлік тең бөлінеді. Дегенмен заңда көзделген негіздер болғанда, сот кәмелетке толмаған балалардың немесе ерлі-зайыптылардың бірінің мүддесін ескеріп, үлестерді басқаша белгілеуі мүмкін. Сондықтан әр отбасының жағдайы жеке қаралады.

1. Пәтер некеге дейін сатып алынған болса

Ерлі-зайыптылардың біріне үйленбей тұрып тиесілі болған пәтер, әдетте, сол адамның жеке меншігі болып қалады. Екінші жұбайдың онда ұзақ жыл тұруы баспананың жартысына иелік етуге өздігінен негіз болмайды.

Мысалы, ер адамның үйленгенге дейін сатып алған пәтері бар делік. Кейін әйелі екеуі сол үйде тұрғанымен, ажырасқанда баспана автоматты түрде ортақ мүлік ретінде бөлінбейді.

Алайда бұл ереженің де ерекшелігі бар. Егер некеде тұрған кезде ортақ қаражатқа немесе екінші жұбайдың қаражаты мен еңбегі есебінен күрделі жөндеу, қайта құру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде баспананың құны едәуір артса, сот оны ортақ мүлік деп тануы мүмкін.

Мұнда жай ғана жөндеу жасалғаны емес, атқарылған жұмыстың пәтер құнына қаншалықты әсер еткені маңызды. Сондықтан шығындарды және жүргізілген жұмыстарды растайтын құжаттарды сақтаған жөн.

2. Некеге дейінгі пәтерді сатып, орнына жаңасын алса

Мұндай жағдайда жаңа баспананың қашан сатып алынғанымен қатар, оған жұмсалған ақшаның қайдан түскені де ескеріледі.

Егер жұбайлардың бірі некеге дейін өзіне тиесілі болған пәтерін сатып, сол қаражатқа басқа баспана алса, жаңа пәтер де оның жеке меншігі болып қалуы мүмкін. Бірақ ол сатып алуға өзінің жеке қаражаты жұмсалғанын дәлелдеуі керек.

Мәселен, күйеуі үйленгенге дейінгі пәтерін 30 миллион теңгеге сатып, дәл сол сомаға басқа пәтер алды делік. Жаңа баспана некеде жүргенде сатып алынғанымен, оған бұрынғы жеке мүлікті сатудан түскен ақша жұмсалғаны расталса, сот оны күйеуінің жеке меншігі деп тануы мүмкін.

Ал жаңа пәтерге ерлі-зайыптылардың ортақ жинағы немесе екінші жұбайдың ақшасы қосылса, жағдай өзгереді. Сот баспананың қандай қаражатқа алынғанын, әр тараптың салымын және ұсынылған дәлелдерді қарайды.

Мұндай дауда бұрынғы пәтерді сату шарты, жаңа баспананы сатып алу шарты, банк көшірмелері мен ақша аударымдары маңызды. Осы құжаттар қаражаттың қайдан келгенін және қайда жұмсалғанын көрсетуге көмектеседі.

3. Баспананы ипотекаға алған болса

Некеде жүргенде ортақ қаражат есебінен ипотекаға алынған пәтер, әдетте, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі саналады. Несие шартының тек бір адамның атына рәсімделуі екінші жұбайды баспанадағы үлесінен айырмайды.

Мәселен, банктегі қарыз алушы ретінде әйелі көрсетілген болуы мүмкін. Соған қарамастан, күйеуі де ортақ пәтердегі үлесін талап ете алады. Ажырасқан кезде баспананы ғана емес, өтелмеген қарызға қатысты мәселені де шешу қажет.

Ерлі-зайыптылар мына нұсқаларды қарастыра алады:

• Пәтерді сатып, алдымен банк алдындағы қарызды жабу, содан кейін қалған ақшаны бөлісу.

• Баспананы біреуіне қалдырып, екіншісіне оның үлесі үшін өтемақы төлеу.

Алайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі банктегі несие шартын автоматты түрде өзгертпейді. "Енді ипотеканы тек біреуіміз төлейміз" деп уағдаласқанымен, банк шартта қарыз алушы ретінде көрсетілген адамдардан төлем талап ету құқығын сақтайды.

Қарызды басқа адамның атына ауыстыруға немесе қарыз алушылардың бірін міндеттемеден босатуға банктің келісімі қажет. Азаматтық кодекстің 348-бабында борышты басқа адамға ауыстыруға несие берушінің келісімімен ғана жол берілетіні көрсетілген.

Кепілдегі пәтерді сату мәселесі де банкпен келісіледі. Сондықтан ипотекасы бар баспананы бөлу туралы шешім қабылдағанда, несиенің қалған сомасын және банктің талаптарын алдын ала анықтау маңызды.

4. Пәтер ерлі-зайыптылардың біріне сыйға берілсе

Сыйға берілген баспана, әдетте, оны алған адамның жеке меншігі саналады. Пәтердің үйленгенге дейін немесе некеде тұрған кезде сыйланғаны бұл ережені өзгертпейді.

Мысалы, ата-анасы қызына пәтер сыйлады делік. Күйеуі екеуі сол баспанада бірге тұрғанымен, ажырасқан кезде ер адам тек осы себеппен оның жартысын талап ете алмайды.

Дегенмен сыйға берілген пәтерге қатысты да ерекшелік бар. Егер некеде жүргенде ортақ қаражатқа немесе екінші жұбайдың қаражаты мен еңбегі есебінен күрделі жөндеу не қайта құру жүргізіліп, баспананың құны едәуір өссе, сот оны ортақ мүлік деп тануы мүмкін.

Бұл жерде де жұмсалған қаражат пен атқарылған жұмысты дәлелдеу қажет. Пәтерде бірге тұру немесе күнделікті тұрмыстық шығындарды төлеу өздігінен меншік үлесін бермейді.

5. Баспана мұраға қалған болса

Мұраға қалған пәтерге де сыйға берілген баспанаға ұқсас ереже қолданылады. Ерлі-зайыптылардың бірі мұра арқылы алған жылжымайтын мүлік, әдетте, оның жеке меншігі болып қалады.

Мұраның некеде тұрған кезде ашылуы баспананы автоматты түрде ортақ мүлікке айналдырмайды.

Мәселен, әйеліне ата-анасынан пәтер мұраға қалды делік. Күйеуі екеуі сол үйде бірнеше жыл тұрғанымен, ажырасқанда ер адам бірге тұрғанын ғана алға тартып, пәтердің жартысын ала алмайды.

Ал егер баспанаға елеулі қаражат жұмсалып, күрделі жөндеу немесе қайта құру нәтижесінде оның құны айтарлықтай артса, сотта оны ортақ мүлік деп тану мәселесі көтерілуі мүмкін. Мұндай талап нақты дәлелдермен негізделуге тиіс.

Заңгер Бахыт Касымбековтің түсіндіруінше, сыйға берілген немесе мұраға қалған пәтерге екінші жұбайдың қаражат салғанын құжатпен растау маңызды. Оған құрылыс материалдарының чектері, төлем түбіртектері, мердігерлермен жасалған шарттар және шығынды көрсететін өзге де құжаттар көмектеседі.

Сонымен бірге құжаттар жөндеу жасалғанын ғана емес, сол жұмыстардың нәтижесінде жылжымайтын мүліктің құны едәуір артқанын да негіздеуге мүмкіндік беруі керек. Сондықтан ауызша айтылған уәжбен шектелмей, дәлелдерді жинаған дұрыс.

Пәтерді сотқа жүгінбей бөлуге бола ма?

Егер ерлі-зайыптылар баспананың кімге қалатыны және екінші тараптың үлесі қалай өтелетіні жөнінде ортақ шешімге келсе, мүлікті бөлу туралы келісім жасай алады. Мұндай келісімді нотариус куәландыруы қажет.

Келісімде пәтердің кімге тиесілі болатынын, өтемақының мөлшерін және оны төлеу тәртібін нақты көрсету маңызды. Ал ортақ мәмілеге келе алмаса, мүлікті бөлу мәселесін сот шешеді.

Бұл ретте бірнеше жайтты ескерген жөн:

• Ата-анасының ажырасуы балаға олардың пәтерінен автоматты түрде үлес бермейді.

• Бала бағып, үй шаруасымен айналысқан жұбайдың ортақ мүлікке құқығы сақталады.

• Неке шартында мүлікті бөлудің жалпы тәртібінен өзгеше талаптар белгіленуі мүмкін.

Сондықтан пәтердің кімнің атына тіркелгеніне ғана қарап қорытынды жасауға болмайды. Оның қашан, қандай қаражатқа алынғаны және тараптардың қандай келісім жасағаны да маңызды.

Неке шарты болса, баспана қалай бөлінеді?

Ерлі-зайыптылар ажырасқан жағдайда пәтердің кімге қалатынын алдын ала неке шартында белгілей алады. Бұл құжат мүлікті иелену мен бөлудің тәртібін нақтылауға мүмкіндік береді.

Мысалы, шартта некеде жүргенде сатып алынған баспана тек атына рәсімделген жұбайға тиесілі болады деп көрсетуге болады. Мұндай жағдайда мүлікті бөлу кезінде неке шартының талаптары ескеріледі.

Неке шартын некеге тұрар алдында да, некеде жүрген кезде де жасауға болады. Құжат міндетті түрде нотариус арқылы куәландырылады.

Алайда неке шарты ипотека талаптарын өздігінен өзгертпейді. Ерлі-зайыптылар пәтер мен қарызды біреуіне қалдыруға келіскенімен, екіншісін банк алдындағы міндеттемеден босату үшін банктің келісімі қажет.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары