Malim.kz
Мәдениет

Көрермен көзімен: Акира Куросава әуені

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ

Өнер тарихы «көркемдік құбылыстарды түсіну үшін бейнелеу өнеріндегі көз қуанышы боларлық дүниені емес, мақсатқа бағдарланған күшті көруге құштар ететін тәжірибенің ерекшелігін өзің үшін анықтап алуды» ұсынады. Акира Куросава шығармашылығындағы бұл күш бізді әртүрлі көркемдік құбылыстармен табыстырады. Оның барлық фильмдерінде нағыз суреткердің қайталанбас қолтаңбасы сайрап жатыр.  Және оның фильмдері көрерменін демалтады, сұлу суреттеріне тамсандырады, күтпеген шешімдерімен ойландырады. Осындай даралығымен  ол миллиондардың ой санасына, жүрегіне үңіледі және  ол жерді көрерменімен қатар отырып  тамашалайды.  Мұның несі көркемдік дерсіз? Адам жаратылысындағы кемшілік пен артықшылықты, ондағы ізденіс пен бітпейтін ішкі тартысты кино тілінде сөйлетуден асқан көркемдік жоқ. Куросаваның әр көрермені өзінің ішіндегі осындай ұлы майданның үстінен дәл түскен тұстары үшін немесе айналасындағы өзіне таныс та бейтаныс құбылыстармен табыстырғаны үшін, іштегі шерін тарқатқаны үшін, жылт еткен сәулені кеңістікке сүйрей сүйіншілегені үшін режиссерді ұлы суреткер ретінде қабылдады.

      Мен бұл жазбаны Эрнест Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабымен сабақтастыра отырып жазғым келеді. Өнер өміршең, оны жасаған адам да - мәңгілік. «Өнер тарихы» мұны сезіну үшін адамға айырықша еңбектің қажеті жоқ екенін айтады. Режиссер бізге кино өнеріндегі  озық үлгіні ұсынды, киноны қалай өнер деңгейіне көтеруге болатынын көрсетті, ал кітап бейнелеу, мүсін, жалпы өнердегі  мәнді ұғындырды.  Екеуі де басыңды көтертпейтін мәңгілік тақырып. Бейнелеу мен киноның тұтасып бір ұғымға айналып кетуі де осындай ортақ ұқсастықтардан. Екеуінің анықтауышын алып тастасақ, ондағы мағына мен мазмұн бәрібір  бізге шын өнерде суреткер деген ұғымның қай салаға да ортақ екенін ұғындырады.

 

Әр кезеңнің адамы өзін бұрынғы дәуір адамынан артық, бұрынғыдан ақылды, бұрынғыдан бақытты  сезінетіні заңдылық.  Ол бірақ өзінің өзгеден қандай мінез, қандай байлығымен озық екендігін санамалай алмаса да. Рас, жаңа дәуірде технология, техника артық болар, бірақ өмірге, қарым қатынасқа, руханиятқа қатысты мінез ортақ. Ендеше, ақыл ойға, сана сезімге ие адамның барлығы  осындай ар таразысы тұрғанда біреудің көзін газеттен шұқығанға немесе бейсаналы түрде атқарылатын өзге де қиянаттарға рахаттана алмас.   Акира Куросава «Тамыз әуені» фильмінде бұл тақырыпты шебер ашады.

Жазғы каникул кезінде әжесіне қыдырып келген немерелер өздері күтпеген жағдайларға куә болады. Әжелеріне Америкада тұратын (бірақ әжелері танымайды, бұрын көрмеген) бауыры Сусудзиродан хат келеді, ол қарындасын немерелерімен бірге қонаққа шақырады. Кейуананың қасындағы туған балаларын үлкендердің өмірін өксікке толтырған, әкелерінің өмірін жалмаған Хиросима-Нагасаки трагедиясынан гөрі американдық беймәлім аталарының байлығы көбірек қызықтырады. Әжелерінің әңгімелерінен соң немерелері талай адамның өмірін жалмаған әйгілі атом бомбасы түскен жерді көруге барады. Нагасакиге бомба тасталған сәтте мектепте болған аталарының әруағына тағзым етеді.  

Үйге келген соң американдық туыстарына осы оқиға жайлы, аталары жайлы, әжелерінің Америка билігіне деген наласын жеткізіп хат жазады. Мұны естіген балалардың әке шешесі: «енді бізге американдық туыстарымыз ренжитін болды, біз Америкаға бармайтын болдық» деп қатты қапаланады. Алайда американдық туыстарының бірі Кларк Жапонияға арнайы келіп, әжесінен елінің өткен тарихында жіберілген қателік қасіреті үшін кешірім сұрайды.

Біздің баяндауымызда қарабайырлау естілетін хикаяның көтерер салмағы -ауыр. Режиссердың бұл фильмінен біз тек қана атом бомбасының зардабын ғана емес, отбасы, адами құндылықтарға қатысты әртүрлі ұстаным көзқарастар мен ұсақ  пендеуи   пиғыл, осалдықтарды байқаймыз. Бұл фильмнен буындар қақтығысын көреміз. Ондағы шынайы немесе жасанды қарым-қатынастарды бағамдаймыз.  Сосын әжесінің жан жарасына қозғау салатын, пайдакүнем балаларының теріс  ниетінен өзімізді «жайсыз» сезінеміз.  Аяғында Гомбрихтың неге бізге өнерден мән іздеткісі келгенін түсінеміз. 

Ұлт тарихына  терең із қалдырған мұндай оқиғалар мен қаралы кезеңдер, ақтаңдақ жылдар қазақ тарихында да аз емес. Бірақ бізде оны өнер тілімен сөйлететін Куросава жоқ....

 «Егер ертең бізге ар соты, ақырғы сот алдында сүрген өміріміз үшін есеп беруге тура келсе, еңсемізді тіктеп тұрып біз «Мен қорқынышта өмір сүріп жатырмын» фильмін түсірдік» дер едім. Мен фильмді ешқашан ақша табу үшін түсірген жоқпын. Ол көрерменге сатқындық болар еді»дейді Куросава. Режиссердың «Мен қорқынышта өмір сүріп жатырмын» фильмі қоғамды жайлаған жемқорлықты сөз етеді.    Бұндай әлеуметтік тақырып оның «Өмір сүру» (Жить) фильмінде де қозғалады. Бір қарағанда, фильм отыз жыл мемлекеттік қызметте жүріп, өмірін мағынасыз өткізіп алған адамның өкінішіне құрылғандай көрінеді. Мұндағы жан тебіреніс, ауыр психологизм кино кейіпкерлерінің аузымен сөйлей жөнелгенде мемлекетті кері тартып отырған жемқорлықтың жібі де таратыла жөнеледі. Ондағы қарапайым адамдардың нәтижесіз қаракеті  немесе бір аяғы ар жақта тұрған адамның әділет үшін ақырғы жанталасы. Осындай ішкі мойындаулар арқылы адамның қайта тірілуі. Фильм түйіні «Өнер тарихындағы» Гомбрихтың «өнер тарихы – озық техникалық дағдылар жиынтығының тарихы емес, өзгеріске ұшырап отыратын идеялар мен критерийлер тарихы» деген тұжырыммен үндес. Демек, өнерді тану, оны бағалау да ешқандай шарттылықтарға тәуелді емес. Кім оны қалай қабылдайды, кім қалай бағалайды, өлшем әркімнің өз еркінде. Ол да өзгеріске ұшырап отыратын, түрленіп қайта тірілетін идеялар сияқты.  

 

Жапон халқының қалыптасуында ғана емес, жалпы адамзаттың қалыптасу тарихында сұраусыз дүниелер көп. Сондай қиянатын, көрген қысастығын айтып, түртіп қалсаң ағытылуға дайын жүрген  адам көп. Олар кезең де, уақыт та, жер де, нәсіл де таңдамайды. Куросава өз фильмдерінде осындай адамдар тағдырының тиегін ағытады.

 

«Ран» фильмі

MalimCinema айдарынан оқи отырыңыз: 

«Өтелмеген парызда» өлшем бар ма?! 

Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)    

«Ойыншық» фильмі жайлы бірер сөз

Жақсы адам жайлы соната«Жизнь других» фильмі жайында

Иран «жауһарлары»

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ
Автордың басқа материалдары