Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстанға арнайы шақыртумен келген Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) бас хатшысы, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының үйлестіру комиссиясының мүшесі Андреас Заглиспен ресми кездесу өткізді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Кездесуге ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ Қазақстан баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов қатысты.
Бұл кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық спорт ұйымдарымен байланысты күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясындағы маңызды қадам болып отыр. Президент Париж Олимпиадасы-2024 жүлдегерлерімен кездесуде спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлемдік жарыстарды Қазақстанда өткізу міндетін қойған болатын.
Осы мақсатта елімізде халықаралық спорт ұйымдарымен тұрақты және жүйелі диалог орнап жатыр. Қазақстанда Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Джалуд Әл-Шаммари, Халықаралық су спорты федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам және Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович сапарлап келді. Олар елдегі спорт инфрақұрылымымен танысып, Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылаған болатын.
Енді Қазақстанға командалық, ойын спорт түрлерінің өкілдері де келе бастайды. Мәселен, осы күндері FIBA бас хатшысы Андреас Заглис Қазақстанға келсе, ал алдағы уақытта UEFA президенті Александр Чефериннің сапары жоспарланып отыр.
Фото: primeminister.kz