Қазақстандық әнші Тамара Асар марқұм анасының туған күнінде оны еске алып, жеті нан пісіріп, Құран бағыштағанын айтты. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында отбасындағы тағы бір еске алу шарасы туралы да жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әншінің сөзінше, бұл күн марқұм анасының туған күні болған.
"Бүгін марқұм енемнің туған күні екен. Жеті нан пісірдік. Құран оқыттық. Көзім көрмесе де, ұрпағын жалғастырып отырған шығар, көргендей, білгендей тағзым етемін", – деп жазды Тамара Асар.
Сонымен қатар әнші былтыр өмірден өткен тұңғыш немересі Әлішерді де еске алды. Оның айтуынша, отбасы өткен сенбіде Әлішердің жылдық асын берген.
Тамара Асар жазбасын қазақтың "Тіріге иман, өліге Құран" деген сөзімен түйіндеп, жасалған дұға мен құлшылықтың қабыл болуын тіледі.
Желі қолданушылары әншінің жазбасының астына көңіл айтып, марқұмдардың рухына дұға бағыштаған.
Тамара Асар кім?
Тамара Асар – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1976 жылы 16 шілдеде Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген.
Өнер иесі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында білім алған. Кейін педагогика және психология бағытында магистратура мен докторантураны тәмамдаған. Шығармашылық жолында "Айгүл" вокалды-аспаптық ансамблінде және Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» фольклорлық ансамблінде өнер көрсеткен.
Тамара Асар қазақтың халық әндері мен эстрадалық шығармаларды орындауымен кеңінен танылды. Оның репертуарында "Самауырым қайнасын", "Ақтамақ", "Аққу арман" секілді әндер бар.
Әншінің өмірінде ауыр сынақ та болған. Жас кезінде жол апатына түсіп, ауыр жарақат алғанына қарамастан, кейін сахнаға қайта оралып, шығармашылық қызметін жалғастырды.