Malim.kz
Құқық

«Көзіме ештеңе көрінбеді»: балаларын азаптаған әйелге сот шешімі шықты

Сабина Асқарқызы
Фото: Ulysmedia

Шымкентте өз балаларын қатыгездікпен азаптады деп айыпталған 29 жастағы Гүлмира Ергешоваға сот үкімі шықты. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот әйелді 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы кәмелетке толмаған балаларына ұзақ уақыт бойы физикалық және психологиялық зорлық көрсеткен. Әйел қызған үтікпен күйдіріп, қыздырылған шанышқымен жарақат салған, балаларды қорлап, ар-намысына тиетін әрекеттер жасаған.

Сот барысында анықталғандай, сегіз жастағы ұлының ауызын қыздырылған шанышқымен күйдірген. Ал 11 жастағы қызының шашын тақырлап алып тастаған. Бұдан бөлек, қыздырылған үтікпен қызының ішін, ал ұлының беті мен санын күйдірген.

Судья Алтынай Білтебайдың айтуынша, 2026 жылғы 12 қаңтарда қатты аяз кезінде әйел екі баласын Қошқар-ата өзеніне апарып, мұздай суға күштеп түсірген.

Сот Гүлмира Ергешованы Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі.

Сотталушы үкіммен келіспейтінін айтып, мұндай әрекетке ауыр тұрмыстық жағдай мен ұзақ жылдар бойы көрген қорлық себеп болғанын мәлімдеді.

«Он жыл бойы көрген қорлығымнан кейін шыдамым таусылды. Аффект жағдайында болдым, көзіме ештеңе көрінбеді», – деді ол соттағы соңғы сөзінде.

Адвокаттың мәліметінше, балалар анасын кешірген. Алайда бұл жағдай сот шешіміне әсер етпеді. Қазіргі уақытта әйелдің төрт баласы да мемлекет қамқорлығына алынған. Сондай-ақ балалар әкесіне және әжесіне қайтармауды сұрағаны айтылды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары