Malim.kz
Спорт

Криштиану Роналду Португалия құрамасынан кеткенін мәлімдеді

• Алуа Әшірбекова
Фото: Instagram - cristiano

Португалиялық футболшы Криштиану Роналду ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл туралы футболшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Роналдудың айтуынша, ол ұлттық құраманың бас бапкері өткізген баспасөз мәслихатынан кейін Португалия футбол федерациясының президентімен сөйлескен. Осы әңгімеден соң футболшы құрама орналасқан лагерьден кетуге шешім қабылдаған.

"Уақыты келгенде ұлттық құрамадан кетуіме не себеп болғанын барлық португалиялыққа айтып беремін. Мен бұл командаға әрдайым барымды салдым", – деген Роналду.


Сонымен қатар футболшы Португалия құрамасы мен командаластарына алдағы ойындарда сәттілік тіледі.

"Енді Португалияға және барлық командаласыма ешкімді бөліп-жармай, сәттілік тілейтін уақыт келді", – деп жазды ол.

Әзірге Роналду бұл шешіміне нақты не түрткі болғанын ашып айтқан жоқ. Ол жағдайдың мән-жайын кейінірек жариялайтынын жеткізді.

Айта кетейік, жазбада футболшы ұлттық құрамадағы мансабын біржола аяқтағанын айтпайды. Ол тек қазіргі оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген. Сондықтан Роналдудың Португалия құрамасындағы болашағына қатысты түпкілікті қорытынды жасауға әзірге ерте.

Криштиану Роналду кім?

Криштиану Роналду – португалиялық футболшы, әлем футболындағы ең танымал әрі нәтижелі ойыншылардың бірі. Ол 1985 жылы 5 ақпанда Португалияның Мадейра аралындағы Фуншал қаласында дүниеге келген.

Кәсіби мансабын "Спортинг" клубында бастап, кейін "Манчестер Юнайтед", "Реал Мадрид", "Ювентус" сияқты Еуропаның ірі клубтарында өнер көрсетті. Әсіресе "Реал Мадрид" сапында көптеген рекорд орнатып, клуб тарихындағы ең көп гол соққан футболшы атанды. Кейін "Манчестер Юнайтедке" қайта оралып, 2023 жылдан Сауд Арабиясының "Әл-Наср" клубында ойнап келеді.

Роналду бес рет "Алтын доп" иегері атанды. Ол УЕФА Чемпиондар лигасын бес рет жеңіп, Португалия құрамасымен 2016 жылғы Еуропа чемпионатында және 2019 жылғы Ұлттар лигасында топ жарды.

Роналду Португалия құрамасының ұзақ жылдар бойғы көшбасшысы әрі капитаны саналады. Ол ұлттық құрама сапында 2003 жылдан бері өнер көрсетіп, халықаралық футбол тарихындағы ең көп гол соққан ойыншылардың қатарында көш бастап келеді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары