Алматы облысында екі баланың анасы қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне қатысты істі жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы «НемолчиKZ» қоры мәлімдеді. Қорға марқұмның жақындары көмек сұрап жүгінген.
Қордың мәліметінше, 23 шілдеде әйел күйеуімен жанжалдасып, оның тарапынан соққыға жығылған. Туыстарының айтуынша, сол кезде әйелдің қолы сынған. Үш күннен кейін, 26 шілдеде ол қайтыс болған.
Қазір оқиғаға қатысты негізгі нұсқалардың бірі — өз-өзіне қол жұмсау. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Марқұмның артында екі жасар егіз баласы қалған.
Туысының айтуынша, әйел болған жағдайды жақындарына бірден айтпаған. Қайғылы оқиғаға дейін шамамен бір сағат бұрын ғана әпкесіне күйеуінің оны ұрып-соғып, қолын сындырғанын жеткізген.
«Ұялып әрі ата-анамызды аяп, ол маған ештеңе айтқан жоқ. Өзіне қол салардан бір сағат бұрын сіңлім маған осының бәрін айтып берді. Егіз балаларын басқа бауырымызға қалдырып, артынша өзіне қол жұмсады», – делінген марқұмның туысы жазған хатта.
Қазіргі таңда әйелдің туыстары істің барлық мән-жайы толық анықталып, объективті және жан-жақты тергеу жүргізілуін талап етіп отыр.
Алматы облысының полиция департаменті әзірге оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.