Танымал әнші, актриса Айгүл Иманбаева әйелдердің күйеуіне қоятын талаптары мен ер азаматтардың табысы туралы пікір білдіріп, әлеуметтік желіде қызу талқы тудырды. Өнер иесінің бұл сөзіне қатысты оқырмандардың пікірі екіге бөлінді, деп хабарлайды Malim.kz.
Айгүл Иманбаева Instagram парақшасында әйелдердің отбасындағы ұстанымы ер азаматтың табысына әсер ететіні туралы өз ойын ортаға салды. Әншінің пікірінше, күйеуіне үнемі жанашырлық танытып, ештеңе талап етпейтін әйелдер ерінің аз табыс табуына да көндігіп кетеді.
"Күйеуін аяп, ешқандай талап қоймай, әкелген бір тал гүліне риза болып, "Оны неге алдың? Одан да азық-түлік алмадың ба? Өзіңе жұмсамадың ба?" деп жақсы көрініп, жақсы атанып отыратын қыздардың, келіншектердің күйеулері тура сондай ғана мөлшерде тиын-тебен табады", – деді әнші.
Өнер иесі керісінше, өз қалауын ашық айтып, күйеуінен белгілі бір нәрселерді талап ететін әйелдердің жұбайлары табысты болатынын алға тартты.
"Ал егер келіншегі талапшыл болса, орыстар "стерва" деп айтады ғой, күйеуінен "Мен мына нәрсені алғым келеді, мынаны кигім келеді, мына жерге барғым келеді, маған осынша ақша керек" деп талап ететін болса, дәл сондай келіншектердің күйеулері өте табысты болады және көп ақша табады екен. Шынымен де, мен оны өзім байқаймын", – деді Айгүл Иманбаева.
Әншінің айтуынша, қазақ әйелдері кейде күйеуінің алдында дүниеқоңыз болып көрінуден қорқып, өз қалауларын ашық жеткізе алмайды.
"Қазақшылыққа салып, "Ойбай, жаман ойлап қалмасын, осы маған ақша үшін тиді екен демесін, пайда үшін, дүние үшін жүр екен демесін" деп бишара келіншектер барын салып, өздері де құрбан болып кетеді. Күйеуі бір тал гүл әкелсе, оның өзін "Неге алдың?" деп аяп отырамыз. Бұл дұрыс емес екен", – деді ол.
Айгүл Иманбаева әйел адам өз қажеттілігін жасырмай, қалаған нәрсесін күйеуіне ашық айтуы керек деп есептейді.
"Керісінше, "Мен мынаны алғым келеді, бриллиант таққым келеді, бір жаққа қыдырғым келеді, әпер" деп сұрап, талап етіп отыратын болса, ер азаматтың энергиясы көтеріліп, соншалықты табыс табады екен. Күшті инсайт болсын деп айтып отырмын", – деп түйіндеді әнші.
"Қанша талапшыл болсақ та, жасамайтын адам жасамайды"
Айгүл Иманбаеваның бұл пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушыларының бір бөлігі әншінің сөзін қолдаса, енді бірі онымен келіспейтінін жеткізді.
Кейбір оқырмандардың пікірінше, ер азаматтың табысы әйелінің қаншалықты талапшыл екеніне емес, оның өз жауапкершілігі мен түсінігіне байланысты. Олар күйеуіне қанша талап қойса да, оның мінезі мен әрекетін өзгерту мүмкін емес екенін алға тартқан.
Ал әншінің пікірін қолдағандар әйел адамның өз қалауын ашық айтып, күйеуінен белгілі бір нәрселерді талап етуі қалыпты жағдай деп есептейді. Олардың сөзінше, ер азаматтың отбасын қамтамасыз етуге деген ұмтылысы әйелінің талаптары арқылы да артуы мүмкін.
Бұдан бөлек, кейбір оқырмандар әншінің мұндай кеңесі отбасындағы түсініспеушілікке себеп болуы мүмкін екенін ескерткен. Олардың пікірінше, барлық ер азаматтың табысы бірдей емес, сондықтан әйелдердің күйеулеріне шамадан тыс талап қоюы реніш пен жанжалға әкелуі ықтимал.
Осылайша Айгүл Иманбаеваның әйелдердің талапшылдығы туралы пікірі көпшілікті екіге бөлді. Бірі әншінің айтқанын қолдаса, енді бірі ер адамның табысы әйелінің талабына ғана байланысты емес екенін алға тартты.
Айгүл Иманбаева кім?
Айгүл Иманбаева – қазақстандық танымал әнші, актриса, тележүргізуші және продюсер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1977 жылы 15 наурызда дүниеге келген. Өнер иесі әншілік мансабымен қатар, театр және кино саласында да өзін танытқан. Сондай-ақ әлеуметтік желіде белсенді болып, жеке өмірі, отбасы құндылықтары мен ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас туралы ойларын жиі ортаға салады.