2025-2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Қазақстандағы көптеген мектеп Kundelik.kz платформасынан бас тартып, BilimClass жүйесіне кезең-кезеңімен көшіп жатыр. Бұл өзгеріске қатысты Алматы қаласының Білім басқармасы ресми түсініктеме бергенімен, жаңа платформа қоғамда, әсіресе мұғалімдер мен ата-аналар арасында қызу пікірталас туғызды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алматы қаласының Білім басқармасының мәліметінше, жаңа цифрлық платформаны таңдау кезінде ең алдымен дербес деректердің қауіпсіздігі басты назарға алынған. Қазіргі таңда мектептерде толықтай отандық BilimClass жүйесі енгізілуде.
"Бұл – толықтай отандық өнім. Оның тегін мобильді қосымшасы бар, серверлері Қазақстан аумағында орналасқан. Платформа пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етеді және ел заңнамасын қатаң сақтайды", – деп түсіндірді Білім басқармасында.
Жаңа жүйе бұған дейін Алматы қаласындағы 15 мектепте пилоттық режимде сынақтан өткен. BilimClass-қа көшу қысқы демалыс кезінде жүзеге асырылып, мұғалімдерге арнайы оқыту курстары ұйымдастырылған.
Алайда бұл өзгеріс бәріне бірдей оңай тимеген сыңайлы. Әлеуметтік желілерде, әсіресе TikTok пен Instagram желілерінде ұстаздар мен ата-аналардың пікірлері сан алуан.
Информатика пәнінің мұғалімі Алмат Асыланбек TikTok-та жариялаған видеосында BilimClass платформасының әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары көп екенін айтты. Оның бұл пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыланды.
Кейбір мұғалімдер жаңа жүйеге наразы екенін жасырмай отыр.
"Бізді жыл басында Kundelik-тен BilimClass-қа ауыстырды, кейін қайта Kundelik-ке көшірді. Біресе былай, біресе былай деректерді көшіртіп, әбден шаршатты", – деп жазды мұғалімдердің бірі.
Сонымен қатар "журналды қайтарсын", "бұрынғы қағаз журнал тыныш еді" деген де пікірлер жиі кездеседі. Кей ата-аналар тапсырмалардың түгелдей цифрлық форматқа көшуі балаларды телефонға тәуелді етіп жатқанын алға тартуда.
Дегенмен BilimClass-ты қолдайтындар да аз емес.
"Биыл үшінші жыл BilimClass-пен жұмыс істеп келеміз. Үйренсең – өте ыңғайлы", – дейді тәжірибелі ұстаздардың бірі.
Тағы бір ата-ана:
"Бағалар күнделікті көрініп тұрады, табель бар, ата-аналарға өте қолайлы", – деп жазған.
Кей қолданушылар бұл өзгерісті отандық өнімді қолдау деп бағалап отыр:
"BilimClass – Қазақстанның платформасы. Kundelik – ресейлік. Өз платформамызды дамыту керек", – деп пікір білдірген желі қолданушысы.
Қазіргі таңда BilimClass-қа көшу процесі еліміздің әр өңірінде әртүрлі деңгейде жүзеге асып жатыр. Бір мектептер жүйеге толық бейімделсе, енді бірінде платформа ауыстыру әлі де қиындық тудыруда.
Мамандардың айтуынша, кез келген жаңа жүйеге көшу белгілі бір уақыт пен бейімделуді талап етеді. Ал ұстаздар мен ата-аналар болса, ең бастысы – оқу процесінің тұрақтылығы мен артық жүктеменің болмауын сұрап отыр.