Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясының (UWW) шешімімен күрес түрлерінен 2026 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионаты Астанада өтетін болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Әлемдік деңгейдегі беделді дода 24 қазан мен 1 қараша аралығында ұйымдастырылады. Жаһанның үздік палуандары бас қосатын байрақты бәсеке елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.
Бастапқыда әлем чемпионатын Бахрейн астанасы Манама қаласы қабылдауға тиіс болған. Алайда өңірдегі қазіргі геосаяси ахуалға, соның ішінде халықаралық логистика мен қатысушылардың жол жүруіне қатысты туындаған мәселелерге байланысты UWW мен Бахрейн тарапы бірлескен мәлімдеме жасап, турнирді басқа елге көшіру туралы шешім қабылдады.
Осыдан кейін Қазақстан күрес федерациясы әлем чемпионатын өткізуге дайын екенін білдіріп, Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясына елорданың спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастыру мүмкіндіктерін таныстырды. Арнайы комиссия спорт нысандарын аралап, дайындық деңгейіне жоғары баға берген соң, Қазақстан ресми түрде 2026 жылғы әлем чемпионатын қабылдайтын ел ретінде бекітілді.
Осылайша, күрес түрлерінен әлем чемпионаты Астанада екінші рет өтпек. Бұған дейін Қазақстан астанасы 2019 жылы да осы дүбірлі доданы жоғары деңгейде қабылдаған.