Malim.kz
MALIMet

Куртканың мамығы жиналып қалды ма: Қалпына келтірудің қарапайым тәсілі

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қысқы мамық күртені жуғаннан кейін оның іші түйірленіп, бұрынғы көлемі жоғалуы мүмкін. Бірақ бұл киімнің біржола бүлінгенін білдірмейді. Оны дұрыс кептіру арқылы мамығын қайта үлпілдетуге болады, деп Malim.kz тілшісі Norrøna өндірушісінің нұсқаулығына⁠ сілтеме жасап хабарлайды.

Алдымен заттаңбасын қараңыз

Бұл кеңестер табиғи мамық салынған күртеге арналған. Жууға кіріспес бұрын киімнің ішкі заттаңбасындағы белгілерді тексеріңіз. Жуу температурасы мен кептіру тәсілін сол нұсқаулыққа сай таңдаған дұрыс: әр күртенің күтім талабы әртүрлі болуы мүмкін.

Қалталарын босатып, сыдырмаларын жабыңыз. Жуғыш затты шамадан тыс қоспаңыз: оның қалдығын мамық арасынан шайып кетіру қиын.

Жұмсартқыш қоспаңыз

Мамық киімге ағартқыш пен кір жұмсартқыш қолданбаған жөн. Patagonia нұсқаулығында мұндай киімді салқын немесе төмен температурадағы суда, жұмсақ жуғыш құралмен жуу ұсынылады. Үтіктеуге де болмайды.

Негізгі лайфхак – кептіргіштегі таза теннис доптары

Егер заттаңбада барабанды кептіргішке рұқсат берілсе, төмен температура режимін таңдаңыз. Күртемен бірге екі-үш таза теннис добын салыңыз. Барабан айналғанда доптар түйірленген мамықты ажыратып, оның қайта үлпілдеуіне көмектеседі.

Бұл тәсілде доптар кептіру кезінде қолданылады. Бір цикл жеткіліксіз болуы мүмкін.

Сырты кепсе де, іші дымқыл болуы мүмкін

Кептіру арасында күртені шығарып, жиналып қалған мамықты қолмен ақырын таратыңыз. Матасының құрғағанына ғана қарап, киімді шкафқа салуға асықпаңыз. Ішіндегі мамық та толық кеуіп, барлық бөлігі біркелкі үлпілдеуі керек.

Ұзақ уақытқа сақтарда күртені құрғақ күйінде, қатты қыспай орналастырыңыз. Дымқыл мамықты бүктеп, тығыздап қоюдан аулақ болған дұрыс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары