Ливан билігі Израильді бұрын жарияланған атысты тоқтату келісімін бұзды деп мәлімдеді. Бұл туралы жергілікті NNA агенттігі жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәліметке сәйкес, 17 сәуір күні таңертең Израильдің барлау дрондары Хермон тауының батыс беткейлері мен Рашайя ауданының оңтүстігінде ұшқан. Ал бітім жарияланғаннан кейін Израиль артиллериясы Хиам елді мекеніне соққы жасап, кемінде бес снаряд түскені айтылды.
Бітім күшіне енбей тұрып, Дейр-Мимас елді мекені де атқыланған. Снарядтардың бірі тұрғын үйге түсіп, салдарынан өрт шыққан.
Сондай-ақ Кунине елді мекенінде жедел жәрдем бригадасы шабуылға ұшырап, жараланғандар бар. Ал Мадждаль-Селмеде жарылмай қалған оқ-дәрінің жарылуы салдарынан бір жасөспірім қаза тауып, тағы бір адам жарақат алған.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Ливан басшылары 10 күндік атысты тоқтату туралы келісімге келгенін мәлімдеген болатын. Бітім 16 сәуір күні АҚШ-тың шығыс уақыты бойынша 17:00-де (Астана уақытымен 17 сәуір 03:00) күшіне енуі тиіс болатын.