Қазақстан мен Франция театр өнері, музей және архив ісі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Парижде өткен Қазақстанның мәдениет күндері аясында екі елдің мәдениет министрлері жаңа бірлескен жобаларды талқылады, деп Malim.kz тілшісі, 24KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Францияның мәдениет министрі Катрин Пегардың кездесуінде театрлардың өзара гастрольдерін ұйымдастыру, музей және архив жобаларын жүзеге асыру, сондай-ақ мамандар алмасу мәселелері қарастырылған.
Тараптар екі елдің театрлары мен музейлері арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, мамандар үшін тағылымдамалар, оқыту бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.
Арман Қырықбаев Лувр музейінің президенті Кристоф Лерибомен де жеке кездесу өткізді. Келіссөз барысында әлемдегі ең ірі музейлердің бірі Қазақстанда бірлескен көрме өткізуі мүмкін екені айтылды. Сонымен қатар өзге де музейлік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі талқыланған.
Франция Мәдениет министрлігінің бас хатшысы Жером Ривуази екі ел арасындағы мәдени байланыстың музей ісі мен археология бағытында белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
"Бізде әзірленіп жатқан көптеген жоба бар. Екі жылға жуық уақыт бұрын екі ел президенттері бірқатар келісімге қол қойған. Сол келісімдер аясындағы жұмыс мәдениет пен өнер саласында да жалғасып жатыр", – деді ол.
Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың айтуынша, алдағы жылдары музейлер арасындағы ынтымақтастық пен көрмелер ұйымдастыруға ерекше назар аударылмақ.
Оның сөзінше, көрмелерді тек Францияда өткізу емес, ірі француз музейлерінің экспонаттарын Қазақстанға, соның ішінде Астанаға әкелу де жоспарланып отыр.
Париждегі Қазақстан мәдениетінің күндері үш күнге созылды. Бағдарлама аясында қазақстандық фильмдер көрсетіліп, екі елдің мәдениет саласының өкілдері дөңгелек үстел өткізді. Онда креативті индустриялар мен цифрландыру мәселелері де талқыланды.
Мәдени күндердің қорытындысы Париждегі тарихи Мариньи театрында өткен қазақстандық өнер шеберлерінің гала-концерті болды. Сахнада Әлішер Кәрімов, Зарина Алтынбаева, Amre, Расул Жармағамбетов, Фархат Кубиев пен Назым Сағынтай өнер көрсетті. Сондай-ақ "Астана Балет", "Астана Опера", HasSak этно-фольклорлық ансамблі мен Mezzo тобы қатысты.
Концертке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі сүйемелдеу жасады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шамамен мың адамға арналған театр залында бос орын қалмаған.