Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мәди Төкешұлы Такиев Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мәди Такиев бұған дейін де Қаржы министрлігін басқарған. Ол бұл қызметке алғаш рет 2024 жылғы 6 ақпанда тағайындалған.
Мәди Такиев 1978 жылы 1 сәуірде Алматы облысы Балқаш ауданының Бақанас ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша, кейін Д.Қонаев атындағы гуманитарлық университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ Халықаралық бизнес университетінің Іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолында салық және мемлекеттік кірістер саласында бірқатар басшылық қызмет атқарған. 2019-2020 жылдары Ұлттық экономика вице-министрі, 2020-2023 жылдары Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болды.
2023 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болды.