Malim.kz
Саясат

"Маған не айтылғаны қызық емес": Тоқаев Назарбаевтың Путинмен кездесуі жайлы ашық айтты

Қайсар Қанат
t.me/news_kremlin. Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин

5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Түркістан" газетіне берген сұхбаты жарық көрді. Көлемді интервью барысында Президент Кремльде өткен Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин арасындағы кездесуге де тоқталды, деп хабарлайды Malim.kz.

Тоқаевтың айтуынша, мұндай кездесулер тұрақты түрде өтіп жүргенімен, бейресми сипатқа ие. Бұл жайтты Ресей президентінің өзі де бірнеше рет атап өткен.

"Жуырда Санкт-Петербургте өткен кездесуде Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның жеке өтініші бойынша қабылдайтынын айтты. Ондай әңгімелер барысында не айтылатыны маған қызық емес, мен бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тарихи тұлға деп санайтынын тағы бір мәрте қайталады.

Айта кетейік, Кремльдегі кездесу туралы жазған кейбір ресейлік басылымдар Қазақстанда 2029 жылы билік транзиті болуы мүмкін деген қауесет таратқан еді. Бұл мәселеге қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Мұндай әңгімелерді қозғауға әлі ерте. Алдымызда жүйелі әрі табанды жұмысты талап ететін бірнеше жыл бар", – деп пікір білдірді.

Еске сала кетсек, 28 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездескен. Ал келесі күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлескені хабарланған.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары