Malim.kz
Шоу-бизнес

"Маған жала жабылып жатыр": Ерке Есмахан өзіне өкпе артқан дизайнерге жауап берді

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Танымал дизайнер Ханым Айдаш әнші Ерке Есмаханға ренішін білдірді. Ол өнер иесінің жаңа бейнебаянында өзінің еңбегі ескерусіз қалғанын айтты. Ал әнші көп ұзамай бұл мәлімдемеге жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ерке Есмахан жуырда "Дауыс" альбомы аясында Мәдина Ералиеваның әйгілі "Наз" әнін жаңаша орындап, арнайы бейнебаян ұсынған еді.

Алайда бұл туынды дизайнер Ханым Айдаштың көңілінен шықпаған. Оның пікірінше, әнші Мәдина Ералиеваның сахналық бейнесін пайдаланғанымен, киім үлгісінің авторын атамаған.

Дизайнер мұндай жағдайда түпнұсқа туындының авторын атап, оның еңбегіне құрмет көрсету керек деп санайды.

Ерке Есмахан не деп жауап берді?

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше күн бойы отбасымен уақыт өткізіп, жаңалықтардан бейхабар болғанын айтты.

"2-3 күн инстаға шықпай, Оралдан келген папа-мамама келіндік қызмет етіп, Исламның туған күнін тойлап, өз-өзіммен жүрдім. Бүгін де интернетке шықпаймын деп ойлаған едім. Алайда маған жала жабылып, ол жаңалықтарға шығып жатыр екен", – деді әнші.

Өнер иесі дизайнердің сұхбатын көргеннен кейін қандай еңбекті бағаламай қалғанын есіне түсіре алмағанын жеткізді.

"Қандай идеямен қандай көйлек киіп едім? Қай жерде рақмет айтпай қалдым? Кімнің еңбегін бағаламай қойдым деп", – деп жазды Ерке.

Әншінің түсіндіруінше, бейнебаянның соңында Мәдина Ералиеваның дауысы мен мұрағаттағы бейнесі пайдаланылған. Ал дизайнер сөз еткен көйлек пен бас киімді Ерке Есмахан емес, Мәдина Ералиеваның өзі киген.

"Енді дизайнер ханымға: "Көйлегіңізді қайта тіктіріп, киіп тұрған Ерке Есмахан емес, ол – Мадина апамыздың архивтен алынған бейнесі", – деп түсіндіретін жанынан бір жақсы адам табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Халық та мән-жайды түсінбей, мені қаралап жатыр. Мұны әділетсіздік деп білемін", – деді өнер иесі.

Сонымен қатар Ерке Есмахан дизайнерге ешқандай өкпесі жоқ екенін айтып, оның өнер жолындағы еңбегін жоғары бағалайтынын жеткізді.

"Дизайнер ханымға ренішім жоқ. Керісінше, Мадина апамыздың көзін көрген, сахналық киімдерін тіккен, тарихта қалған тұлғамызбен жұмыс жасаған талантты дизайнер ретінде сыйлаймын. Аман болыңыз!" – деп жазды әнші.

Айта кетейік, бұған дейін Ерке Есмахан ұлы Батырдың бір жасқа толған күні көпшілікке бұрын айтпаған сырын бөліскен еді.





Ерке Есмахан кім?

Ерке Әбдірашқызы Есмахан – қазақстандық эстрада әншісі, актриса. Ол 1984 жылы 30 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында дүниеге келген.

Бала кезінен өнерге жақын болған Ерке түрлі шығармашылық байқауларға қатысып, музыкалық білім алған. Домбыра, қобыз және фортепиано аспаптарын меңгерген. Кейін Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының эстрадалық вокал бөлімінде білім алған.

Кәсіби өнер жолын 2009 жылы "Іңкәр" тобының құрамында бастады. Бірнеше жылдан кейін жеке шығармашылыққа бет бұрып, қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Әншінің "Айша бибі", "Әйел бақыты", "Еркемін", "Бал сезім", "KZ жігіт", "Еркеге ғашық" сынды әндері тыңдарман арасында кеңінен танылды. Сондай-ақ Төреғали Төреәлімен бірге орындаған "Алло" әні де көпшіліктің ықыласына бөленді.

2017 жылы жарық көрген "Қайда?" әні өнер иесінің шығармашылық жолындағы елеулі жетістіктерінің біріне айналды. Әннің бейнебаяны YouTube желісінде миллиондаған қаралым жинады.

Ерке Есмахан кино саласында да бағын сынап, "Махаббат кафесі" фильмінде және "Келінжан 4" телехикаясында рөл сомдаған.

Әншінің жеке өмірі де көпшіліктің назарында. Алғашқы некесінен Муслим есімді ұлы бар. 2023 жылы RaiM деген атпен танылған әнші Райымбек Бақтыгереевпен шаңырақ көтерді. Ерлі-зайыптылардың Ислам және Батыр есімді ұлдары дүниеге келді.

Бүгінде Ерке Есмахан үш ұл тәрбиелеп, отбасылық өмірімен қатар шығармашылығын да жалғастырып келеді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары