Қазақстанда МӘМС қаражатын заңсыз алу схемасы анықталды. Жеке медициналық клиникалар 140 мың азаматты жалған тіркеу туралы мәліметтерді пайдаланған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.
Осындай істердің бірі Астанада анықталды. «Forte Clinic (Tumar)» клиникасына 15 мыңнан астам адам заңсыз тіркелген. Олардың арасында басқа өңір тұрғындары, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз тіркелген балалар және шетелде жүрген азаматтар болған.
Клиника көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы «DamuMed» жүйесіне жалған мәлімет енгізіп, қордан 79 млн теңгеден астам қаржы алған.
Сот клиника басшысын 5 жылға, ал оған көмектескен Ұлттық ғылыми орталық қызметкерін 3 жылға бас бостандығынан айырды. Келтірілген залал толық өтелген. Үкім заңды күшіне енді.