Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы аулалардың бірінен оқушы баланың мәйіті табылды. Бұл туралы Malim.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға туралы аталмыш басылымға аудан тұрғындарының бірі мәлімдеген. Оның айтуынша, баланың мәйітінен тұншығу белгілері анықталған.
«Оны басқа бір бала байқап қалыпты. Әуелде ол әткеншекте жай ғана ойнап отыр деп ойлаған. Жақынырақ барып қарағанда оның беті көгеріп кеткенін, ал аузынан ақ көбік шығып жатқанын көрген. Содан кейін ол ата-анасын шақырып, олар полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз», – деген басылымның ресми емес дереккөзі.
Баланың өлімін жедел жәрдем станциясы да растады. Мекеме мәліметінше, оқиға орнына шақырту 1 маусым күні түскен. Дәрігерлер 2014 жылы туған баланың қайтыс болғанын тіркеген.
Оқиғаға қатысты облыстық полиция департаменті әзірге түсініктеме берген жоқ.