Malim.kz
Оқиға

Маңғыстауда пластикалық операциядан кейін депутат көз жұмды

Арман Қайыпхан
Фото: instagram.com/mangystau_maslikhat

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы жекеменшік клиникада жасалған пластикалық операциядан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Malim.kz Stan.kz басылымына сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, депутат иек тұсындағы артық майды алдыру үшін ментопластика операциясына жүгінген. Ота 4 сәуір күні алдын ала талдаулар тапсырылғаннан кейін жасалған.

Кейін тексеру толық жүргізілмегені және қандағы қант мөлшері операция жасауға болмайтын деңгейден жоғары болғаны анықталған. Марқұмның жұбайының айтуынша, операция кезінде оның жағдайы күрт нашарлап, қан қысымы мен қант деңгейі көтерілген. Артынша инсульт алып, комаға түскен. Ербол Айтуов бір айға жуық уақыт комада жатып, есін жимастан көз жұмған.

Депутаттың жұбайы клиника қызметкерлерін немқұрайдылық танытты деп айыптады.

Шамамен сағат 13:40-та операция жасаған хирург хабарласып, тек қан қысымы көтерілгенін айтты. Жедел түрде облыстық ауруханаға жеткізу қажет деді. Бірақ комаға түскені туралы ескертпеді. Егер ол таңғы 09:40-та комаға түссе, неге төрт сағат бойы алғашқы көмек көрсетілмеген? Неге наркоздан шығаратын дәрілер салынбаған, оттегі аппаратына қосылмаған? Ешқандай шара қолданылмаған. Дәрігер жай ғана «қысымы көтерілді» деп кетіп қалған. Негізі олар оны өз қолымен өлтірді, – деген марқұмның жұбайы.

Басылым мәліметінше, Маңғыстау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті жекеменшік клиникаға тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған.

Атап айтқанда, операция бөлімі жеткілікті деңгейде жабдықталмаған, кей құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, анафилактикалық шок кезінде қолданылатын шұғыл көмек құралдары болмаған.

Сонымен қатар клиниканың стационарлық көмек көрсету талаптарына сай келмегені және ересектерге арналған анестезиология мен реаниматология лицензиясы болмағаны хабарланды.

Клиника өкілдері журналистердің сауалына жауап бермеген.

Бұған дейін Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттың қайтыс болғанын ресми түрде хабарлаған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары