Malim.kz
Оқиға

Маңғыстауда жоғалған адамды іздеу: Отбасы 2 млн теңге сыйақы жариялады

Арман Қайыпхан
Фото: Еріктілер ұсынған фото

Маңғыстау облысында із-түзсіз кеткен Ерлан Есмағамбетовтің туыстары оны табуға көмектесетін кез келген адамға 2 миллион теңге сыйақы беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Lada.kz дерегіне сүйеніп.

Ерлан «Кендірлі» демалыс аймағының маңында жоғалғанына сегіз ай болды. Осы уақытқа дейін жүргізілген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген. Өткен демалыста оның досы жоғалған ер адам жұмыс істеген компанияға тиесілі күртешені тауып алған. Сондай-ақ жақын маңнан екі қара шұлық табылған.

Ерланның анасы бұл заттардың кенеттен табыла кеткеніне күмәнмен қарап отыр:

«Көктем мен жазда қаншама адам іздеді, ешкім бұл үлкен күртешені көрмеді. Қазір аяқ астынан пайда болуы — әдейі тасталған болуы мүмкін», — дейді ол.

Туыстары күртешені 14 қарашада Құрықтағы құқық қорғау органдарына сараптамаға тапсырған.

Отбасы жоғалған азамат туралы кез келген дерек беретін адамдарға сыйақы тағайындады. Байланыс нөмірі: +7 (702) 516-73-43.

Еске салайық, Ерлан Есмағамбетов 17 наурызда «Кендірлі» демалыс базасының маңында жоғалып кеткен. Оны іздеуге Lider.kz еріктілер қозғалысы да қатысуда.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары