Жылқы қырылған жаз...
Маңғыстау даласы мал өлігіне толып кетті. Малшылар жұт болып жатқанын айтады. Жергілікті биліктің есебі бойынша керісінше теңіз жағасындағы жұрттың мал саны өсіп жатыр.
Маңғыстаулықтардың айтуынша, жем-шөп мәселесі биыл ғана халықты тығырыққа тіреп отырған жоқ. Бұдан жергілікті шенділер хабардар. 2019 жылдан бері облысты басқарып отырған Маңғыстаудын тумасы Серікбай ТҰРЫМОВҚА малшылардың жайы тіптен таныс. Былтыр халыққа есеп беру жиынында әкімдіктің басты жұмысы өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, туризмді және көлік-логистикасын дамытуға бағытталатындығын айтқан. Басқа үш саланы білмедік. Бірақ ауыл шаруашылығы қазір ауыр хәлде. Облыс әкімі бұл уәделері үшін қысылмаса керек-ті. Себебі жергілікті биліктің есебі бойынша биыл мал саны керісінше өскен.
«Әкім Тұрымовтың есебі түгел»
Бұл ақпарат «Егемен Қазақстан» газетіне шықты. Бәлкім, әкім Тұрымов осындай «керемет» есеп барда президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТАН сөз естімеймін деп ойлар. Ресми мәлімет бойынша облыста 1,5 мыңға жуық мал қырылған. Бұл ақпаратқа сенбейтіндер де бар.
«Қазақ мал мен баласының санын айтпайды. Қазақша айтқанда бір бармағын қысып отырады. Малдың өлігі далаға толып кетті. Әсіресе жылқы. Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Серік ҚАЛДЫҒҰЛОВ мал өліп жатқан жоқ дейді. Кабинетінен шықпайтын адамның сөзі ғой. Жақында екі жылқым арықтықтан өлді. Қойлар арық. Сойыс мал жоқ. Байқоңырдан Ресей зымыран ұшырады. Сол жақтан ыстық жел соғады да тұрады. Жерді кептіріп тастады. Теңіз қашып барады. Бұл елдің сөзі. Жайылымның жоғағанына осы себеп деп ойлаймыз. Шенеуніктер бір нәрсе айтқан болады. Бірақ оларға сенуден қалдық қой», - дейді Маңғыстау облысының Маңғыстау ауыданында малмен күнін көріп отырған зейнеткер Еркүлік ТІЛЕКБАЙҰЛЫ.
Әкім Тұрымов мал азығына байланысты көрші Ақтөбе облысымен келісмшарттар жасасып, жергілікті бюджеттен 200 млн теңге бөлген. Ол жайлы биылғы жылдың маусым айында халыққа есеп беру кезінде айтқан. Бірақ...
«Маңғыстауда мал қалмайтын шығар...»
Маңғыстауда алып-сатарлардың күні туып-ақ тұр. Оны тіпті жергілікті жұрт түгілі депутат Еділ ЖАҢБЫРШИННІҢ сөзі де растайды.
«Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір келі арпаның бағасы 95 теңгеге жетті. Ал көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады», - деген еді депутат осыдан жарты ай бұрын.
«Шопан ата» қойшылар қауымдастығының басшысы Алмасбек САДЫРБАЕВ Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстарын бір апта аралап қайтыпты. Маңғыстаудың бес ауданында болған екен.
«Маңғыстау халқы биылғы төлдің 30 пайызынан айрылып қалыпты. Малдың да отыз пайызы өлген. Дала қан сасып тұр. Малды сақтап қалуға 200 млн теңге бөлген. Ол жұғымда болмайтын ақша. Көршілес Қызылорда облысы 3,5 млрд бөлді. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз екі облыстағы жағдайды. Біз малға жаны ашитын қазақпыз ғой. Әр қазақ Маңғыстауға бір қап жемнен жіберейік. Ол дегеніңіз екі-ақ мың теңге. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады», - дейді Алмасбек Садырбаев Мalim.kz сайтының тілшісіне.
Фотоларды маңғыстаулықтар жіберді.