Malim.kz
Экономика

Маңызды минералдардан жасанды интеллектке дейін: Қазақстан мен АҚШ қандай жобаларды жүзеге асыруы мүмкін?

Айбын Атабай
Б.Ысқақтың жеке архивінен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэк арасындағы кездесу Қазақстан-АҚШ экономикалық ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашуы мүмкін. Кездесу барысында стратегиялық маңызы бар минералдар, көлік байланысы, агроөнеркәсіп, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды , деп хабарлайды Malim.kz. 


Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, екі ел арасындағы серіктестік бүгінде дәстүрлі мұнай-газ секторымен шектелмей, жоғары технологиялар мен инновациялық бағыттарға ойысып келеді. Бұл өз кезегінде америкалық инвесторлардың Қазақстан нарығына қызығушылығын арттырып, ұзақ мерзімді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сарапшы сондай-ақ АҚШ қаржы институттарының Қазақстандағы белсенділігінің артуы елдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейте түсетінін атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның ашық экономикалық саясаты мен жүргізіліп жатқан реформалар халықаралық бизнес үшін маңызды сигнал болып отыр.
 
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының атқарушы директоры Бен Блэк арасындағы кездесу Қазақстан–АҚШ стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге көтерді деуге бола ма? Оның нақты көрінісі қандай?
- Бұл кездесуді Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңіне жасалған қадам ретінде бағалауға болады. Бұған дейін екі ел арасындағы ынтымақтастық негізінен мұнай-газ саласына шоғырланған болса, қазір стратегиялық маңызы бар минералдар, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және көлік-логистика сияқты жаңа бағыттар күн тәртібіне шықты. Нақты көрінісі – америкалық қаржы институттарының Қазақстан нарығына қызығушылығының артуы және ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды талқылауы.
 
- Кездесу барысында талқыланған аса маңызды минералдар, көлік байланысы, агроөнеркәсіп, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында қандай бірлескен жобалар жүзеге асуы мүмкін?
- Әрине, ең алдымен сирек және аса маңызды минералдарды барлау мен өңдеу бағытында бірлескен кәсіпорындар құрылуы мүмкін. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту, агроөнеркәсіптегі өнімді өңдеу мен экспорттық әлеуетті арттыру жобалары іске асырылуы ықтимал. Ал цифрландыру мен жасанды интеллект саласында деректер орталықтарын құру, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және жоғары технологиялық стартаптарды қолдау бағытындағы серіктестік күшеюі әбден мүмкін.
 
- Қазақстанда АҚШ Халықаралық даму қаржы корпорациясының тұрақты өкілдігін ашу туралы бастама елге инвестиция тарту мен халықаралық қаржы институттарымен жұмысты күшейтуге қалай әсер етеді?
- Бұл қадам, әрине, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Өйткені инвесторлар үшін жергілікті деңгейде жұмыс істейтін қаржы институттарының болуы тәуекелдерді азайтып, жобаларды қарау мен қаржыландыру үдерісін жеделдетеді. Сонымен қатар бұл Қазақстанның халықаралық қаржы ұйымдарымен байланысын нығайтып, өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі позициясын күшейте алады.
 
- Президент атап өткен экономиканы ресурстық модельден білімге негізделген әртараптандырылған модельге көшіру реформалары америкалық инвесторлар үшін қаншалықты тартымды орта қалыптастырып отыр?
- Қазіргі әлемде инвесторлар тек табиғи ресурстарға ғана емес, инновациялық экожүйелерге де мән беріп келе жатқаны белгілі. Қазақстанның білім, технология және цифрлық секторды дамытуға бағытталған реформалары инвесторларға ұзақ мерзімді перспектива ұсынады. Дегенмен бұл бағыттағы тартымдылықты арттыру үшін құқықтық тұрақтылықты, сот жүйесінің тиімділігін және бәсекелестік ортаны жақсарту бойынша реформаларды жалғастыру өте маңызды.
 
- Вашингтонда қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы ретінде өткен бұл кездесу екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге бағытталғанын көрсетті ме?
- Әрине, бұл кездесу тараптардың декларативті мәлімдемелерден нақты жобаларға көшуді көздеп отырғанын көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен АҚШ арасындағы диалог жаңа экономикалық бағыттарға ойысып келе жатқаны белгілі. Сондықтан бұл кездесуді тек саяси байланыстарды ғана емес, сонымен қатар инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған практикалық қадам ретінде қарастыруға болады.
 
- Қазақстанның Ибраһим келісімдері, TRIPP бастамасы және басқа да халықаралық жобаларға белсенді қатысуы еліміздің жаһандық және өңірлік ықпалын күшейтеді деп айтуға бола ма?
- Қазақстан соңғы жылдары көпвекторлы сыртқы саясаттың арқасында әртүрлі халықаралық платформаларда белсенділік танытып келеді. Мұндай бастамаларға қатысу еліміздің сенімді серіктес ретіндегі беделін арттырып, жаңа инвестициялар мен технологиялар тартуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар Қазақстанның Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды транзиттік әрі дипломатиялық алаң ретіндегі рөлін де күшейтіп жатқандығы белгілі.
 
- Президент Тоқаевтың америкалық инвесторларға «Қазақстан нақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын» деген сигналы халықаралық бизнес қауымдастығына қандай саяси және экономикалық белгі береді?
- Бұл бұл мәлімдеме Қазақстанның ашық экономикалық қағидаттарды ұстанатынын және шетелдік капитал үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін білдіреді. Халықаралық бизнес үшін бұл – саяси тұрақтылық, реформалардың жалғасуы және ұзақ мерзімді әріптестікке дайындық туралы маңызды сигнал. Қазіргі геосаяси жағдайда инвесторлар үшін болжамдылық пен тұрақтылық аса маңызды факторлардың бірі. Ал Қазақстан дәл осы артықшылықтарын көрсетіп, ұсынуға дайын екенін байқатып отыр. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары