Malim.kz
Білім-ғылым

"Мақсатты мектеп" жобасы жабылды

Ереке Базарқұл
© Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі

Бұл туралы malim.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтына сүйеніп хабарлайды.

ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен білім беру саласының күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өңірлік және аудандық білім басқармалары мен бөлімдердің және аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері басшыларының қатысуымен жиналыс өтті.

Мемлекет тарапынан балалар үшін жайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын құру мақсатында мектеп инфрақұрылымын модернизациялау, білім мазмұнын жетілдіру, педагогтердің әлеуеті мен мәртебесін көтеру бойынша мемлекет тарапынан кешенді қолдау жүзеге асырылуда. Жиында соңғы алты жылда білім саласында бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық, мазмұндық оң өзгерістердің орын алғанын атап өткен министр Жұлдыз Сүлейменова мемлекеттік білім беру саясатының орындалуына, заң мен тәртіп қағидаттарының сақталуына, білім мен тәрбие жұмыстарының сапалы жүргізілуіне ерекше мән берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын дамытуға, ұстаздардың қоғамдағы рөлін көтеруге басымдық беруде. Осы бағытта ол педагогтерге қамқорлық танытуды, құқықтарын қорғауды тапсырды. Өздеріңізге белгілі, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі» туралы Заңға өзгерістер енгізілуде. Өңірлердегі ұстаздардан министрлікке міндетінен тыс жұмыстар жүктеу туралы арыз-шағымдар жиі түседі. Сондықтан, әріптестеріміздің заңда нақты көрсетілген құқықтарының сақталуын талап етемін. Педагогтің міндеті – өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру», -

деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарындағы сапа мәселесіне тоқталған министр, «Мақсатты мектеп» жобасының тоқтатылғанын мәлімдеді. Министр кей өңірлердегі педагогикалық ұжымдар арасындағы дау-дамайды сынға алды. Биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанының аяқталғанына қарамастан, білім беру ұйымдарына әлі күнге дейін басшы тағайындамаған өңірлер де бар. Жұлдыз Сүлейменова әсіресе, шалғайдағы ауылдарға кадр тарту мәселесін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиімді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

«Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен ел аумағында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қарқынды жүруде. Ауыл мен қалада білім инфрақұрылымын теңестірген бұл жоба аясында 217 мектеп салынады. Одан бөлек биылғы жылдан бастап күрделі жөндеуді талап ететін нысандарды реновациялау бағдарламасы басталды. Елімізде соңғы жылдары мектеп құрылысы үлкен қарқынмен жүзеге асырылуда. Дегенмен, биылғы жылы құрылыс нысандарының пайдалануға берілу мерзімі кешіктірілген және шалғайдағы ауылдарда білім ошақтары жөндеуді қажет ететін өңірлер де бар. Бұл мәселені жіті бақылауға алуды тапсырамын», -

деді Жұлдыз Сүлейменова.

Балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше басымдық берген министр әсіресе, мектептерде психологиялық қызметтің және педагогтер мен мектеп басшылығының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада министрдің қатысуымен Жамбыл облысында балалардың қауіпсіздігіне қатысты республикалық үйлестіру кеңесі өткен болатын.

Жиын қорытындысы бойынша Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі білім басқармалары мен департамент басшыларына білім сапасын қамтамасыз ету, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту, педагогтердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу, қоғаммен ашық диалогта жұмыс жасау туралы нақты тапсырмалар жүктеді.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары