«Ұлы дала перзенті», «Нартұлға», «Мәңгілік елдің дәуірлік тұлғасы», «Еліне елеулі Елбасы», «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі», «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы», «Алтын діңгек»... Бірінен бірі өткен бұл кітаптар мен төмендегі мақалалар патшаны мақтау «жарысының» жарқын мысалдары. Отыз жыл сайраған сандуғаштардың шалдықпас деген шабыттары таусылғандай... Хош, бұл жарыстың «үздіктері» кімдер?.
Назарбаевқа жағымпазданудың ерен үлгісін көрсеткендердің көш басында Мырзатай тұр. «Қынаптан суырылған қылыш», «Мұзжарғыш кеме», «Пешенеге берген тұлға», «Ұлттың бас иесі», «Ұлттың көріпкелі», «Намыс қамшыгері», «Алланың сыйы», «Халқының бәйтерегі» - «бірінен бірі өткен» сипатты сөздерге қарап-ақ Жолдасбековтің табиғатын тани беріңіз.
«Бұрын толыққанды мемлекет орнатпаған, желбіретіп ту тікпеген, астана салмаған, Орда тұрғызбаған ел едік. Құдайға шүкір, Елордалы, Ақордалы, Елбасылы ел болдық» деп терісіне симаған Мырзекең бүгінгі жаңа жағдайда үнсіз отыр. Өзі бұл айтылған сөздерін «аңызға бергісіз шындық» деп әлдене рет бұлбұлша сайрағаны жадымызда. Қазір ол мақтауын асырған патшасы жөнінде «Ол туралы не айтасың қазір» деп айнып шыға келгендей...
Оқи отырыңыз: Шәміл Әбілтай: «Елбасы» күйін өртеп жібердім, Тоқаевтың үндеуінен соң жаңа күй шығардым
Елдің бағын сақтап қалуға талас туған заманда Сауытбек «... Назарбаевтың халықтың бағына туған перзент екендігі ешқандай талас тудырмайды» деп жеке тұлғаны әсіре әспеттеуден танған емес. Ол «тұрақты кейіпкері» туралы «... Отыз жылда Қазақстанда қолдан келгеннің бәрі дерлік жасалды» деп марқайғаны есте. Бірақ шенеуніктің бұл сөзіне елдің қазіргі күйзелісті жағдайы сай келе ме?!
Оқи отырыңыз: Назарбаевтың ар-намысына тиген желаяққа қатысты сот ісі тоқтатылды
Алдан Смайыл кейіпкерінің бейнесін мінсіз шеберлікпен жазу үшін дүние жүзінің данышпандары мен патшаларын түгел тізеді. Ыңғайға келместі ыңғайына келтіріп, «аспандағы айды» алуға барын салады-ай. Абай дейсің бе, Ницще дейсің бе, Фукуяма, Акутагава дейсің бе, Конфуций дейсің бе бәрі де табылады. Қызды қыздымен қасиетті «Құранның» да мәтіндерінен «Ұлт көшбасшысының» сипатын табады. Тин, кеһф, азхап сүрелеріндегі көркемдік бейнелерін Назарбаевтың бойынан кездестіретінін жазады. Мақтаулы тұлғасын маңдайға алған ол Абайдың күллі еңбегінен мысал келтіруде «көз майын тауысты».
«Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме – одан да сыз өтеді», - деген. Экс-президент тақтан тайып, заман әп сәтте өзгеріп шыға келгенде «жарыстың» жүлдегерлері неге үнсіз?! Елге кітаптары мен мақалаларында жазылған «даналық сөздерін» айтпай ма?! Жоқ, әлде Мырзатай айтпақшы, «Баянды бақыт уақытының» келмеске кеткеніне өкініп жатыр ма?!
Бұл мырзалармен салыстырғанда Бауыржан Байбек жарап тұрғандай. Қандай жағдайда, қандай көңілде айтса да, ол әкесінің сыныптасы Н.Назарбаевты қорғай сөйлеп, «оны жата жамандау - елдігімізге, азаматтығымызға сын» деген бір ауыз сөзін айтты, әйтеуір.
Айбын Атабай
Оқи отырыңыз: Как депутаты Назарбаева пожизненного председательства лишали
(көрнекі сурет пен мақалада фотолар ашық дерек көздерінен)