Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаева бұған дейін мас күйінде көлік жүргізіп ұсталған. Осы оқиғадан кейін қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, сот жүйесінің қазіргі ахуалына алаңдаушылық білдіріп, оның реформасын талап етті, деп хабарлайды Malim.kz ҚазТАГ-қа сілтеп.
«Біз, Қазақстан Республикасының азаматтары, елдегі сот жүйесінің қазіргі жағдайына, әсіресе судьялардың іс жүзіндегі жазадан босатылуына алаңдаймыз. Судьяларға берілген ерекше кепілдіктер сот төрелігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету тетігі болудың орнына, жауапсыздық пен шексіздікке жол ашып отыр. Көптеген азаматтар судьялардың әдейі әділетсіз, жемқорлыққа итермеленген шешімдер қабылдап, адамдардың тағдырымен ойнап, ешқандай жазаға тартылмайтын жағдайлармен жиі бетпе-бет келеді. Мұндай ахуал қоғамның сот билігіне деген сенімін әлсіретіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына қайшы келеді. Біз судьялардың қолсұғылмаушылық мәртебесінің қазіргі түрі әділдік, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына сай келмейді деп есептейміз. Судьялардың тәуелсіздігі жазасыздықпен шатастырылмауы керек», – делінген мемлекет басшысына жолданған ұжымдық хатта.
Үндеу иелері «Судьялардың мәртебесі және сот жүйесі туралы» заңға өзгерістер енгізіп, судьяларды жауапкершіліктен қорғайтын баптарды алып тастауды; әдейі заңсыз шешімдер мен сыбайлас әрекеттер үшін судьяларды нақты жауапқа тарту тетіктерін енгізуді; сондай-ақ азаматтар, құқық қорғаушылар және тәуелсіз заңгерлердің қатысуымен сот реформасын қоғамдық талқылауға шығаруды талап етті.
Айта кетсек, Конституцияға сәйкес судьяларды тағайындайтын президент Тоқаев елде заң бұзғандарға жаза бұлтартпай қолданылуы тиіс екенін айтып, бұл қағидатты «Заң және Тәртіп» деп атаған болатын.
Еске салайық, бұған дейін «Президентке хаттар» Telegram-арнасы судьяның ұсталғаны жөнінде хабарлап, Әсел Досаеваның көлікті мас күйінде ғана емес, жүргізуші куәлігінсіз басқарғанын жазған еді. 2 қарашада полиция редакция сұрауына жауап беріп, Mazda автокөлігін мас күйінде айдаған жүргізушінің ұсталғанын растады. Кейін жағдаймен таныс дереккөз полицияның Досаеваны бірден қамауға ала алмай отырғанын, себебі судья мәртебесіне байланысты белгілі бір рәсімдерді сақтау қажет екенін айтты. Қазақстан заңнамасына сәйкес, алғаш рет мас күйінде көлік тізгіндегендерге 15 тәулікке әкімшілік қамау және жүргізуші куәлігінен жеті жылға айыру жазасы міндетті түрде қолданылады. 4 қарашада ҚазТАГ агенттігі Әсел Досаеваның әлі де қамауға алынбағанын хабарлаған.