Malim.kz
Спорт

Махмұд Сабырхан Азия чемпионы атанған боксшы қызға 500 мың теңге «көрімдік» берді

Сабина Асқарқызы
instagram/@sabyrkhan_makhmud

Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан Азия чемпионатының жеңімпазы Дина Исламбекованы ерекше тәсілмен құттықтап, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстан бокс федерациясының Instagram парақшасында жарияланған видеода Сабырхан Исламбекованың алтын медалін тамашалап отырған сәті көрсетілген. Осыдан кейін ол қазақы дәстүрге сай «көрімдік» беріп, әріптесінің банк картасына ақша аударған.

Видео барысында Исламбекованың түскен қаржы көлемін көріп, ерекше эмоцияға берілгені байқалады. Алайда нақты сома жарияланған жоқ. Ал Сабырхан әзіл ретінде: «500 мың теңге» деп айтқан.

Бұл әрекет әлеуметтік желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырып, кеңінен талқыланды.

Исламбекова Азия чемпионатында қалай жеңіске жетті?

2026 жылы Ұлан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатында Дина Исламбекова 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Финалда ол үндістандық Альфия Патханды айқын басымдықпен жеңді.

Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы қарсыласын екі рет нокдаунға түсіріп, төрешілердің бірауызды шешімімен алтын медаль иеленді.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан бұл турнирде басты фавориттердің бірі саналған еді. Алайда жартылай финалда моңғолиялық Хархуу Билгуунсайханға төрешілер шешімімен есе жіберді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары