Malim.kz
Құқық

Мәжбүрлеп алып қашқан. Түркістандық қыздың туыстары әділ тергеуді талап етіп отыр

Айбын Атабай
adyrna.kz

 Маусым айында Түркістан облысында ұрланған бойжеткеннің жақындары мен заңгері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Олар бас прокуратура мен президентке үндеу жасап, істің әділ тергелуін сұрады, деп хабарлайды Malim.kz ҚазТАГ агенттігіне сілтеме жасап. 

«Бойжеткеннің басқа адаммен атастырылып қойғанына қарамастан, оны алып қашқан. Туыстары қызды арашалап алғанымен, өздері соққыға жығылып, мүліктеріне (көлікке) зақым келген. 1 шілдеде арыз беріліп, бастапқыда «адам ұрлау» және «дене жарақатын салу» фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда кейінірек адам ұрлау туралы іс тоқтап, тек жарақат алу дерегі бойынша ғана тергеу қалды. Мұнда себеп-салдарлық байланыс бұзылып тұр. Адам ұрлау — қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет. Сондықтан бас прокуратура мен президенттен осы жайтқа назар аударып, істі бақылауға алуын және барлық тараптың іс-әрекетіне құқықтық баға берілуін сұраймыз. Қазір жағдайды «адам ұрлау болмағандай» етіп көрсетіп отыр», — деді Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы (АҚмЗСЖҚХБ) ғимаратында өткен жиында отбасы өкілі, заңгер Дмитрий Литвин.

Баспасөз мәслихатында бойжеткеннің туыстары айтқандай, 2025 жылдың маусым айында бір топ адам Мәншүкті ұрлап кеткен. Ол кезде бойжеткен басқа адаммен атастырылып қойған болатын. Кейінірек туыстарының телефонына қыздың атынан «бұл ұрлау емес, бәрі өз келісіміммен болды» деген хабарлама келген. Алайда бойжеткеннің өзі ешқандай келісім бермегенін және туыстарына хабарлама жазбағанын айтып, бұл деректі жоққа шығарды. Оның айтуынша, оған бір стақан су берген, содан кейін ол болған оқиғаларды есіне түсіре алмаған.

Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөліміне арыз түскеннен кейін, адам ұрлау және туыстарына дене жарақатын салу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ, қыздың жақындарының айтуынша, қазіргі уақытта іс тоқтап тұр және ешқандай нәтиже жоқ.

Өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстанда Қылмыстық кодекске жаңа түзету еніп, 125-1-бап («Некеге тұруға мәжбүрлеу») күшіне енді. Бұл бапта адамды еркінен тыс некеге тұру мақсатында ұрлау, сондай-ақ, некеге тұруға немесе бірге тұруға мәжбүрлеу үшін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қыз алып қашу үрдісін қатаң сынға алған болатын. Соның нәтижесінде бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері қызметінен босатылды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары