Журналист Ербол Сейілхан депутат Дәулет Мұқаевтың Мәжіліске бейнекамера орнатылған көзілдірік тағып келуіне қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Журналистің сөзінше, депутат арнайы камерасы бар көзілдірік арқылы журналистердің өзін сырттай видеоға түсіріп жүрген.
“Біз Мұқаевты телефонға таспалап тұрсақ, ол қымбат көзілдірігімен журналистерді сыртынан түсіріп жүр. Сол көзілдірігіне жазылған видеоны жеке парақшасына жүктеп те қойған”, – деп жазды Ербол Сейілхан.
Сондай-ақ журналист Дәулет Мұқаевтың бұған дейін Парламенттің көк папкасымен әйелін туған күнімен құттықтауы қоғамда талқы болғанын еске салды.
“Соған қарағанда, тілшілер сөзімді бұрмаламасын деп сыртымыздан түсіріп алған шығар”, - дейді ол.
Сонымен қатар жазба авторы депутаттың аталған құрылғыны Парламент ғимаратында пайдалануына қатысты мәселені көтерді.
“Парламенттің қауіпсіздік қызметі депутаттың видеокамерасы бар көзілдірік тағуына рұқсат берген бе?
Себебі Мәжілісте жалпы отырыстан бөлек, жабық есік жағдайындағы жиналыстар жиі өтеді. Онда құпия мәліметтер айтылуы мүмкін ғой. Ертең сол ақпарат тарап кетсе, қайтеміз? Бұған шектеу бар шығар?”, - деп сауал тастады ол.