Malim.kz
Шоу-бизнес

Мексикалық Dears Димаштың әлемдік туры қарсаңында ерекше акция ұйымдастырды

Сабина Асқарқызы
скриншот

Мексикадағы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері әншінің шығармашылығын насихаттауға бағытталған кезекті ерекше акциясын өткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл жолы мексикалық Dears елдің танымал мәдени дәстүрлерінің бірі Lucha Libre шарасына қатысып, көпшілікке Димаштың өнері мен алдағы DIMENSIONS әлемдік туры туралы ақпарат таратты.

Арнайы шара барысында жанкүйерлер Қазақстанның туын көтеріп, DQ әріптері бейнеленген ерекше маскалар тағып шықты. Олар шараға келген қонақтарға Димаштың шығармашылығы туралы айтып, әншінің Мексикадағы алдағы концертіне назар аударды.

Мексикалық Dears Димашты жергілікті аудиторияға таныстыру үшін осындай түрлі мәдени және қоғамдық шараларға белсенді қатысып келеді.

Lucha Libre Мексика мәдениетінде ерекше орны бар кәсіби күрес түрі. Ол түрлі-түсті маскаларымен, акробатикалық әдістерімен және қалыптасқан дәстүрлерімен ерекшеленеді. 2018 жылы Lucha Libre Мехиконың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде танылған.

Димаштың жанкүйерлері қатысқан шара жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударды. Акциядан түсірілген бейнежазба Мексиканың ойын-сауық медиаресурстарының бірі Televisa Espectáculos әлеуметтік желілерінде жарияланды. Жанкүйерлердің мәліметінше, шара туралы материал TV Azteca медиа тобына қарасты ADN 40 телеарнасында да көрсетілген.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы концерті DIMENSIONS әлемдік туры аясында өтеді. Мексикалық жанкүйерлердің мұндай акциялары әншінің шығармашылығын жергілікті аудитория арасында кеңінен танытуға мүмкіндік беріп отыр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары