Malim.kz
Білім-ғылым

Мектептердегі каникул мен емтихан кестесі бекітілді

Айбын Атабай
Алматы әкімдігі

Елімізде 2026–2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімі, каникулдардың ұзақтығы, сондай-ақ 9 және 11-сынып түлектерінің қорытынды аттестаттау кестесі бекітілді. Тиісті бұйрыққа Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы қол қойды, деп хабарлайды Malim.kz.

Құжатқа сәйкес, барлық орта білім беру ұйымында жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Бірінші, екінші және төртінші тоқсандар 8 оқу аптасы болып бекітілсе, үшінші тоқсан 10 аптаға созылады.

Күзгі каникул 2026 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығында, қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін, көктемгі каникул 2027 жылғы 22–28 наурыз аралығында өтеді. Ал бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8–14 ақпан аралығында қосымша бір апталық демалыс қарастырылған.

Бұдан бөлек, бұйрықпен мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттау мерзімдері де айқындалды. 9 (10)-сынып оқушыларының бітіру емтихандары 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында, ал 11 (12)-сынып түлектерінің мемлекеттік бітіру емтихандары 1–17 маусым аралығында өтеді.

9-сынып оқушылары қорытынды аттестаттауды 31 мамырда математика пәнінен жазбаша емтихан тапсырудан бастайды. 3 маусымда таңдау пәнінен, 7 маусымда оқыту тілі бойынша, ал 11 маусымда қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен соңғы емтихан тапсырады.
11-сынып түлектері 1 маусымда Қазақстан тарихынан ауызша емтихан тапсырады. Бұдан кейін 4 маусымда «Алгебра және анализ бастамалары» пәнінен жазбаша емтихан, 9 маусымда оқыту тілі бойынша, 14 маусымда таңдау пәнінен, ал 17 маусымда қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен қорытынды емтихан өтеді.

Бұйрық 2026 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енді.



 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары