Malim.kz
Саясат

Мемлекет басшысы Абай күнімен құттықтады

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтады, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент өз құттықтауында Абайдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы ұлттық әрі әлемдік мәдениеттің асыл қазынасында ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, Абай ілімі – халықтың рухани темірқазығы.

Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың елді бейқамдық пен жалқаулықтан арылып, білімге, еңбекке және жауапкершілікке ұмтылуға шақырғанын айтты. Сондай-ақ Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы азаматтарды рухани кемелденуге үндейтін өзекті идея екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Абай күні Қазақстандағы ауқымды саяси өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. Президент бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – жасампаздық құндылықтарын қоғам санасына сіңіріп, елдің дамуына жаңа серпін беру екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, ұлттық бірегейлікті нығайту және гуманистік құндылықтарды дәріптеу ісінде Абай мұрасының маңызы зор. Ол «Адал Азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» идеялары Абай армандаған берекелі қоғамның негіздерімен үндесетінін айтты.

Президент ұлы ойшылдың мұрасы өскелең ұрпақты отаншылдық пен туған елге деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге алдағы уақытта да қызмет ететініне сенім білдірді.

«Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Абай күні құтты болсын!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары