Malim.kz
Шоу-бизнес

"Мен періште емеспін, ондай сәттер болады": Азамат Сатыбалды өзге адамға көңілі ауғанын жасырмады

• Мадина Ізекен
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ арқылы өңделген

Танымал актер Азамат Сатыбалды шығармашылық жолында өзге адамға көңілі ауған сәттері болғанын жасырмады. Өнер иесі актриса Назгүл Қарабалинамен бірге журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында отбасындағы сенім, қызғаныш пен махаббат туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Сұхбат барысында Айнұр Асанберді актерден жұбайынан басқа адамға көңілі ауып көрген-көрмегенін сұрады. Азамат Сатыбалды мұндай сезімнің болғанын жоққа шығармай, оны шығармашылықпен байланыстыратынын түсіндірді.

"Ер жігіт болғаннан кейін ондай ойлар болады ғой. Мен қазір өзімді періште етіп көрсетіп, ондай нәрсе болған жоқ деп айтпаймын. Әрине, өнер ортасында жүргеннен кейін, кейде шығармашылық шабытқа бөленгенде ондай сәттер болады. Бірақ оның бәрі шектен шығып, харам іске ұласпауы керек. Ондай сезімдерді дұрыс арнаға, рөлге бағыттау қажет. Мысалы, кейде сондай ғашықтық сезімге бөленген сәттерімде рөлдерім керемет шығады. Мұның бәрін Назгүл түсінеді, біледі", – деді актер.

Жолдасының сөзін Назгүл Қарабалина да қолдады. Актрисаның айтуынша, сахнада немесе кинода ғашық адамның бейнесін сомдау үшін актер серіктесінің бойынан сол кейіпкерді көріп, қажетті эмоцияны сезіне білуі керек.

"Мен өзім де шығармашылық адамымын ғой, мұның бәрін түсінемін. Мысалы, ол бір рөлді ойнап жатса, сахнадағы серіктесінен өзі сомдайтын кейіпкерге қажет сезімді көрмесе, бәрі өтірік болып шығады. Оған эмоция керек. Бірақ бұл оның біреудің соңынан еріп кетті деген сөз емес. Бұл – шығармашылық ортада түсінікті мәселе. Ал көпшілік оны бірден қабылдай бермеуі мүмкін. Өйткені мұны түсіну үшін сол өнер әлемінде өмір сүру керек. Театрда қаншама шығармашылық жұп бар. Олардың бәріне күдікпен қарай берсең, жұмыс істеу мүмкін болмайды", – деді Назгүл Қарабалина.

Азамат Сатыбалды жұбайының мұндай жағдайларға қызғанышпен емес, әзілмен қарайтынын айтты. Әсіресе үйден шығарда Назгүлдің өзіне айтатын сөздерін еске алып, көпшілікті күлдірді.

"Біздің Назгүл ондайдың бәріне әзілмен қарайды. Кейде үйден шығып бара жатсаң: "Біз 1997 жылы танысқанбыз. Ол кезде екі-ақ сөмкеміз болды, түгіміз жоқ еді. Есіңде болсын, менің атым Назгүл, сенің әйеліңмін. Сұлтан деген ұлың бар. Үйіңнің мекенжайы мынадай. Ұмытпа!" дейді. Соны сондай әзілмен жеткізеді. Оған қарап, өміріңдегі ең басты нәрсе – отбасың, ең қымбат адамың осы кісі екенін түсінесің", – деді актер.

Сондай-ақ, Назгүл Қарабалина өзгенің отбасылық өміріне баға беруден аулақ екенін жеткізді.

"Әртүрлі тағдыр бар. Менің ойымша, адам өзі көрген, өзі бастан өткерген дүниесін айтса жеткілікті. Қазір айналаға қарасаң, неше түрлі өмір, неше түрлі тағдыр бар. Шығармашылық ортада да ажырасып жатқандар, қайта қосылып жатқандар кездеседі. Бірақ біз олардың өмірін бірге сүрген жоқпыз ғой. Сондықтан ешкімді сыртынан бағалай алмаймыз. Біз тек өз отбасымыз, өз шаңырағымыз туралы ғана айта аламыз", – деді актриса.

Ал Азамат Сатыбалды ұзақ жыл бірге өмір сүру тек сезімге емес, екі адамның үздіксіз еңбегіне де байланысты екенін айтты.

"Махаббат – бұл ерлік. Отбасы – үлкен күш. Оның артында сабыр да, шыдам да, кешірім де тұрады. Егер осының біреуі жетіспесе, отбасы құлайды", – деді актер.

Азамат Сатыбалды мен Назгүл Қарабалина кімдер?

Азамат Сатыбалды – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері, продюсер, режиссер. 1977 жылы 2 қарашада Жамбыл облысында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет етіп, "Ағайынды", "Жерұйық", "Ғашық жүрек – 2", "Рэкетир – 2", "Анаға апарар жол" сияқты фильмдерге түскен. 2022 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры болып тағайындалған. 2023 жылы "Қазақфильм" киностудиясының президенті қызметіне келген.

Назгүл Қарабалина – қазақстандық театр және кино актрисасы, режиссер әрі продюсер. 1977 жылы 27 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет етіп, көптеген спектакльде рөл сомдаған. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Ерлі-зайыптылар өнер академиясында оқып жүргенде танысқан. Екеуінің Сұлтан есімді ұлы бар. 2017 жылы өздерінің 28 THEATRE театры мен Cinema 28 киностудиясын құрған.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары