Танымал әнші Бүркіт жұбайы Аишаның анасымен қарым-қатынасы туралы айтып, оны неліктен "мама" деп атамайтынын түсіндірді. Өнер иесінің сөзінше, енесі өзінен небәрі бес жас үлкен болғандықтан, оған бұлай сөйлеуге ыңғайсызданады, деп хабарлайды Malim.kz.
Әнші бұл туралы "Көреміз" бағдарламасына берген сұхбатында айтты. Бүркіт енесімен арадағы жас айырмашылығы небәрі бес жыл екенін айтып, "мама" сөзін тек туған анасына қатысты қолданатынын жеткізді.
"Мама деп айтпаймын. Бұл кісі менен бес-ақ жас үлкен. Қалай мен мама деп айтамын? Міне, менің мамам, біреу-ақ", – деді әнші.
Бағдарлама барысында Аишаның анасы да қызының болашақ күйеуімен қалай танысқанын еске алды. Оның айтуынша, Бүркіт алғашында Аишаны өзінің концертіне шақырған. Осы кездесуден кейін екі өнерпаздың таныстығы басталған.
Кейін Бүркіт пен Аишаның қарым-қатынасы отбасылық өмірге ұласты. Жұлдызды жұп 2010 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бүркіт Аишамен ата-анасына айтпай неке қидырғанын айтып, әкесінің бұған қалай ренжігенін жеткізген еді.
Бүркіт кім?
Бүркіт – қазақстандық танымал әнші, композитор, продюсер және актер. Оның шын есімі – Айбек Жансейітов. Өнер иесі 1978 жылғы 20 ақпанда дүниеге келген.
Бүркіт қазақ эстрадасында өзіндік орындау мәнерімен танылып, көптеген әндері арқылы тыңдарманның ықыласына бөленді. Ол жеке шығармашылығымен қатар, жұбайы Аишамен бірге орындаған дуэттері арқылы да кеңінен танымал.
Әнші 2010 жылы Аиша Жансейітовамен шаңырақ көтерген. Бүгінде ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп отыр. Өнерлі жұп отбасылық өмірі мен шығармашылық жаңалықтарын әлеуметтік желілерде жиі бөліседі.
Бүркіт әншілік қызметінен бөлек, түрлі телевизиялық жобаларға қатысып, кино саласында да бақ сынаған. Ол отандық шоу-бизнестегі танымал өнер иелерінің бірі саналады.