Өнер иесі Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында Бекболат есімді азаматқа қатысты көлемді жазба жариялап, бұрын араласқан таныстарын өзі арқылы мазаламауды сұрады, деп хабарлайды Malim.kz.
Меруерт Түсіпбаева жазбасын кейбір танымал адамдардың әлеуметтік желіде біреуге ренішін аты-жөнін атамай, астарлап жеткізетінін айтудан бастаған. Ол өзі мұндай тәсілді құптамайтынын, жеке айтылатын мәселені жеке жазатынын жеткізді.
Әнші Бекболат есімді азаматпен ортақ жұмыстары тоқтағаннан кейін де онымен байланысын толық үзбегенін айтты. Сөзінше, кезінде оған көмек қолын созып, өзінің таныстары арқылы кейбір мәселелерінің шешілуіне жәрдемдескен.
"Мен ешқашан көмек бергеніме өкінбеймін. Абырой бар, таныс бар, тамыр бар", – деп жазды ол.
Алайда Түсіпбаеваның айтуынша, кейін Бекболат оның таныстарымен өз бетінше байланысып, түрлі өтініш айта бастаған. Өнер иесі осы мәселеге байланысты бұған дейін де ескерту жасағанын жазды.
Ол әсіресе Үрімшіде болған жағдайға тоқталған. Түсіпбаеваның сөзінше, Бекболат оның рұқсатынсыз өзі "профессор сіңілім" деп атаған танысына бірнеше рет хабарласып, көмек сұраған. Соның салдарынан әлгі адам күйеуімен бірге өз жұмыстарын ысырып қойып, әуежайдан күтіп алу, аудармашы табу секілді шаруаларға көмектескен.
"Меруерт ханым ренжімейді" деген сөз айтылғанын жеткізген әнші бұл жағдай өзіне ұнамағанын жасырмады.
"Жап-жас болып неге сонша жалмандайсың, Бекболат? Бұл өмірде мені ақымақ көргенді ұнатпаймын. Сені көрмегелі көп айдың жүзі болды ғой. Өз жайыңмен жүрші. Мені ұмытшы, менің атымды атап, менің таныстарымды пайдаланбашы", – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Сонымен қатар ол адамдарға көмектесуге қарсы емес екенін, бірақ өзінің аты мен таныстарын рұқсатсыз пайдалануды дұрыс көрмейтінін аңғартты.
Жазбаның соңында Меруерт Түсіпбаева оқырмандар арасында түсінбеушілік болмауы үшін арнайы ескерту қалдырған.
"P.S. Посттың Бекболат Тілеухановқа қатысы жоқ!" – деп нақтылады ол.