Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ақбота Керімбекова өмірде өзіне қандай жауапкершілік жүктелгенін және әйел ретінде нені қалайтынын айтты. Өнер иесі журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында жұрттың өзі туралы пікіріне де тоқталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Сұхбат барысында Ақбота Керімбекова кейбір адамдардың өзін ер мінезді әйел деп қабылдайтынын айтты. Алайда әнші сахнада да, күнделікті өмірде де әйелге тән нәзіктігін жоғалтпағанын жеткізді.
"Сахнада майысам ғой мен. Әйелміз ғой. Майысатын сәттер болады. Біз көбіне қонаққа, тойларға барамыз. Ол жерге "Әй!" деп кірмейсің ғой, сызылып, әдемі кіреміз. Ал еркектік болмыс, мінез өзімнің достарымның, жақын әріптестерімнің ортасында шығар. Солардың арасында ағынан жарылып сөйлейтін шығармын. Жалпы өмірде еркек болып жүрмеймін", – деді әнші.
Өнер иесі мұндай пікірдің қалыптасуын отбасының тұрмыс-тіршілігі мен бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті өз мойнына алғанымен байланыстырды.
"Мені еркек болып кеткен деп айтатын себебі – әріптестерім, шынын айтқанда, әуелі Алланың арқасында ғой бәрі, тапқан табысыммен үй салдық. Жыбырлап жүріп бала-шағаны оқытып, жеткіздік. Сенетін ер азаматым болмағаннан кейін барлық жүкті өз мойныма алдым. Сол тұрғыда айтатын шығар. "Ә, еркек қой, үй салды ғой. Еркектер сала алмай жүрген үйді бұл салды" деп. Сондай сөздер, қауесеттер тарайды ғой", – деді Ақбота Керімбекова.
Әнші балаларының өзі кейде оны әзілдеп "брат" деп атайтынын жеткізді. Дегенмен өнер иесі өмірдегі барлық жауапкершілікті көтеруге мәжбүр болғанымен, іштей еркелеп, біреудің қамқорлығын сезінгісі келетінін жасырмады.
"Балаларымның өзі кейде "брат2 деп қалады. Әйтпесе күнде еркекше жүремін деп айта алмаймын. Әйелмін, менің де еркелегім келеді. Менің де біреуге басымды иіп, әлсіз болғым келеді. Үйде бәрібір әйелміз ғой. Сол себепті толықтай еркекпін деп айта алмаймын. Еркек болғым да келген емес. Өмір солай әкелді. Еркек болуға тура келді", – деді әнші.
Ақбота Керімбекова кім?
Ақбота Керімбекова – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол "Аппақ гүлдер", "Қош, махаббат", "Бегімайдың жыры" сияқты лирикалық әндерімен танылған. Сондай-ақ Саят Медеуовпен бірге орындаған "Ақ шағала" әні көпшіліктің ықыласына бөленген.
Өнер иесі шығармашылық ортада өскен. Анасы Бибіажар Махамбетова да әншілік өнермен айналысқан. Ақбота Керімбекова бала кезінен сахнаға шығып, Дінмұхамед Қонаев қатысқан концерттердің бірінде өнер көрсетіп, оның батасын алған. Кейін кәсіби білім алып, Кәукен Кенжетаев пен Рахилям Машурова секілді белгілі өнер қайраткерлерінен тәлім алған.
Әнші шығармашылық жолында Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Сейдолла Бәйтереков және Әсет Бейсеуов сынды композиторлардың шығармаларын орындаған. Сондай-ақ "Тамаша" ойын-сауық театрының сахнасында өнер көрсеткен.
Өнер иесі бірнеше баланың анасы, немере сүйген әже. Ол сұхбаттарында балаларын тәрбиелеу, отбасындағы жауапкершілік және жеке өмірінде кездескен қиындықтар туралы да әңгімелеп келеді.