Әнші Аймира Аман әлеуметтік желіде өмір сынақтары мен бақыт туралы ой қозғайтын өлең жолдарын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Олжас Абайдың бұрынғы жұбайы парақшасына бейнежазба жүктеп, оған адамның тағдыры, қайғысы мен қуанышы туралы шумақтар қосқан.
"Жалғаннан адам жақұт тереді,
Жауап қайтарар уақыт келеді.
Елде жоқ қайғы берген Жаратқан,
Ешбір жанда жоқ бақыт береді.
Дүние басқа, менің дүнием басқа. Мен басқамын, басқалар басқа", – деп жазды Аймира Аман.
Әнші жарияланымының қандай оқиғаға байланысты екенін түсіндірмеген. Жазбаның нақты бір адамға бағытталғанын да айтпаған.
Олжас Абай кім?
Олжас Абай – қазақстандық театр және кино актері, әнші. Тыңдарманға "Ochooou" ("Очоу") сахналық есімімен де таныс. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік білім алған.
Өнер иесі НТК арнасына берген сұхбатында киноға дейін театр сахнасында алты жыл жұмыс істегенін айтқан. Көпшілікке "Брат или брак" комедиясындағы рөлі арқылы кеңінен танылды.
Актер "Сиситай", "Класстастар", "Брат или брак 2", "Гудбай, мой бай 2", "Без крыши", "Базар жоқ, Мексика!" фильмдеріне түскен. Сондай-ақ "Тар заман" тарихи туындысында өнер көрсеткен.
Олжас Абай актерлікпен қатар музыкалық шығармашылығын да дамытып келеді. Өзінің айтуынша, алғашында ән айтуды хобби ретінде қабылдаған. Кейін тыңдармандардың сұранысы артқан соң, бұл бағытқа кәсіби тұрғыда дайындала бастаған.
НТК арнасының 2019 жылғы материалында әншінің репертуарында сол кезде 40-қа жуық ән болғаны және бірнеше бейнебаян түсіргені жазылған. Өнер иесі сол сұхбатында режиссерлікке де қызығатынын жеткізген.