Malim.kz
Спорт

Мерей Базарбаев әлем чемпионы атанып, қазақ күресінің тарихына енді

• Мадияр Қапанбек
Мерей Базарбаев. Фото: United World Wrestling

Қазақстандық балуан Мерей Базарбаев АҚШ-та өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда түркиялық қарсыласын ірі есеппен ұтып, тарихи жетістікке қол жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында күрес түрлерінен U23 әлем чемпионаты мәресіне жетті. Жарыстың шешуші күнінде еркін күрестен соңғы медальдар сарапқа салынды.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мерей Базарбаев финалда Түркия өкілі Бекир Кесермен белдесті.

Қазақстандық спортшы шешуші кездесуде қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 8:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ол әлем чемпионы атанып, Қазақстан құрамасына еркін күрестен осы турнирдегі жалғыз медальді алып берді.

Мерей Базарбаев әлем чемпионатында кімдерді жеңді?

Отандасымыз алтын медальға дейінгі жолында төрт қарсыласын тізе бүктірді.

Алғашқы белдесуінде АҚШ өкілі Люк Лилледальді 3:1 есебімен ұтты. Ширек финалда Франция атынан өнер көрсеткен Расул Галбораевтан 13:2 есебімен басым түсті.

Жартылай финалда жапониялық Даито Катсумені 7:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Ал алтын медаль үшін өткен белдесуде түркиялық Бекир Кесерді 8:0 есебімен ұтып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Қазақстан тарихындағы екінші алтын

Мерей Базарбаев 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында еркін күрестен әлем чемпионы атанған екінші қазақстандық балуан болды.

Бұған дейін мұндай жетістікке Ризабек Айтмұхан қол жеткізген еді. Ол 2024 жылы Албания астанасы Тиранада өткен әлем чемпионатында 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған.

Айта кетейік, Лас-Вегастағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпы жеті медаль иеленді.

Грек-рим күресінен отандастарымыз екі алтын, бір күміс және екі қола медаль алды. Еркін күрестен Мерей Базарбаев чемпион атанса, әйелдер күресінен ұлттық құрама қоржынына бір қола жүлде түсті.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары