Malim.kz
MALIMet

Микротолқынды пеште тамақ жылытқанда қандай қателік жібереміз?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Кешегі асты микротолқынды пешке салып, бір-екі минуттан кейін жей саламыз. Бірақ ыдыстың ыстық болуы тағамның толық қызғанын білдірмейді. Ал кейбір өнімдерді бұл құрылғыда жылыту ұсынылмайды, деп хабарлайды Malim.kz.

Микротолқынды пештен бас тарту керек пе?

"Микротолқынды пеш тамақты радиацияға толтырады", "барлық дәруменді жояды" деген пікірлер кездеседі. Алайда FDA мәліметінше, микротолқын энергиясы тағамға сіңіп, жылуға айналады. Ол асты радиоактивті етпейді.

Дәрумендердің жоғалуы да тек осы құрылғыға тән құбылыс емес. Қыздырудың басқа тәсілдері де тағамның қоректік құрамына әсер етеді. Ал тез пісіру және суды аз пайдалану кей жағдайда дәрумендерді жақсырақ сақтауға көмектесуі мүмкін.

Демек, микротолқынды пеште тамақ жылытуға жаппай тыйым жоқ. Бірақ оны қолданудың ережелері бар.

Бір қасық ас ыстық, келесісі салқын

Тәрелкені ұстау мүмкін емес, ал ішіндегі еттің ортасы әлі салқын. Мұндай жағдай таныс па?

Микротолқынды пеш тағамды біркелкі қыздырмауы мүмкін. Әсіресе қою ас пен ірі кесектердің кей тұсына жылу жеткілікті жетпейді. Сол салқын бөліктерде зиянды бактериялар сақталып қалуы ықтимал.

Сондықтан тамақты қыздырудың ортасында араластырып, ірі кесектерін аударған дұрыс. Қыздыру аяқталған соң да қаптамада немесе құрылғы нұсқаулығында көрсетілген күту уақытын сақтау қажет: осы аралықта жылу тағамның ішіне тарайды.

USDA қалған дайын асты қайта қыздырғанда ішкі температурасын кемінде 74°C-қа жеткізуді ұсынады. Оны тексерудің сенімді жолы – тағам термометрі. Бір ғана шетін өлшеу жеткіліксіз, бірнеше тұсын тексерген жөн.

Тамаққа арналған әр қорап қыздыруға жарамайды

Түскі асты жеткізген пластик қорапты бірден пешке сала салу ыңғайлы. Бірақ оның тағам сақтауға жарамдылығы микротолқынды пешке де жарайтынын білдірмейді.

Кей пластик ыдыстар ыстық тағамның әсерінен майысып немесе балқып кетуі мүмкін. Бір рет қолданылатын қаптаманы, маргариннің бос ыдысын қыздыруға пайдалану ұсынылмайды.

Ыдыстың таңбасын тексеріңіз. Микротолқынды пешке жарамдылығы көрсетілген шыны, керамика немесе арнайы пластик ыдысты таңдаған дұрыс. Металл ыдыс пен фольганы қолдану жөнінде міндетті түрде құрылғы нұсқаулығын басшылыққа алу керек.

Кешегі күрішті қыздыру неге көмектеспейді?

Күрішке қатысты қауіп оның қалай сақталғанына байланысты. Шикі күріште кездесуі мүмкін Bacillus cereus бактериясының споралары пісіруден кейін де тірі қалуы ықтимал.

Піскен күріш бөлме температурасында ұзақ тұрса, бактериялар көбейіп, уыт түзуі мүмкін. Кейін қайта қыздыру сол уытты жоймайды.

Сондықтан бірнеше сағат үстелде тұрған палауды "жақсылап ысытып аламын" деп қауіпсіз етуге болмайды. Ұлыбританияның азық-түлік қауіпсіздігі ұсынымдары күрішті тез салқындатып, мүмкіндігінше бір сағат ішінде тоңазытқышқа қоюды, 24 сағат ішінде пайдалануды және бір реттен артық қайта қыздырмауды ұсынады.

Бала сүтін бұл пеште жылытпаған дұрыс

FDA ана сүті мен нәрестеге арналған сүт қоспасын микротолқынды пеште жылытуға кеңес бермейді.

Себебі сұйықтық біркелкі қызбайды. Бөтелкенің сырты жылы сезілгенімен, ішіндегі кей бөліктері баланың аузы мен тамағын күйдіретіндей ыстық болуы мүмкін.

Сүтті жылыту қажет болса, бөтелкені жылы суға қоюға болады. Балаға берер алдында сұйықтықты араластырып, температурасын тексеру керек.

Қайнамағандай көрінген су да күйдіруі мүмкін

Микротолқынды пеште таза кеседегі су қайнау температурасынан асып кетсе де, сырттай көпіршімей тұруы мүмкін. Осындай аса қызған суды қозғалтқанда немесе оған кофе қосқанда, ол кенет атқылап, күйдіру қаупін тудырады.

Сондықтан суды нұсқаулықта көрсетілген уақыттан артық қыздырмаған дұрыс. "Көпіршік шыққан жоқ, демек ыстық емес" деп ойлау қауіпті.

"Қыздырып жей саламын" дегенге сенуге болмайтын жағдай

Тез бұзылатын дайын тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық қалдыруға болмайды. Ал ауа температурасы шамамен 32°C-тан жоғары болса, бұл уақыт бір сағатқа дейін қысқарады.

Тамақты шағын, таяз ыдыстарға бөліп, уақытында тоңазытқышқа қойған жөн. Дұрыс сақталмаған асты кейін микротолқынды пеште қыздыру оның қауіпсіз болатынына кепілдік бермейді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары