Еңбек министрлігі зейнетақы жинағына мемлекеттік кепілдіктен неге бас тартылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдік беру тетігінен бас тарту себептерін түсіндірді.
Ведомствоның мәліметінше, бұл кепілдік 2003 жылы салымшылардың зейнетақы қаражатын өз бетінше басқару мүмкіндігі болмаған кезеңде енгізілген. Ол кезде зейнетақы активтерін мемлекет басқарғандықтан, инвестициялық табыстылық инфляция деңгейінен төмен болса, айырмашылықты өтеу міндетін мемлекет өз мойнына алған. Қаражат негізінен тәуекелі төмен қаржы құралдарына инвестицияланған.
Министрліктің айтуынша, қазіргі таңда азаматтарға зейнетақы жинақтарын басқаруға таңдау еркіндігі берілген. Сондықтан бұл еркіндікпен бірге қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік те болуы тиіс.
«Салымшының өзі қабылдаған инвестициялық шешімдері үшін мемлекетке өтемақы төлеу міндетін жүктеу қоғамдық ресурстарды әділ бөлу қағидаттарына сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді министрлік.
Сондай-ақ ведомство мемлекеттік кепілдік аясындағы өтемақы тұрақты төлем емес, тек бір реттік сипатта болғанын атап өтті. Осыған байланысты оның ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы мөлшеріне елеулі ықпалы болмайды.