Құқық қорғаушылар мен белсенділердің үкімет дайындаған бейбіт жиын мен шерулер өткізу жөніндегі заң жобасына көңілі толмайды. Олардың айтуынша, ашық үкімет порталында талқылауға шығарылған заң жобасы митинг өткізу құқығын бұрынғы заңнан бетер шектейді.
Ашық үкімет порталында жарияланған бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасына қарағанда, митингілер арнайы белгіленген орындарда ғана өтеді, басқа жерлерде митинг өткізуге тыйым салынады. Митингіге 200 адамға дейін қатысатын болса, ұйымдастырушы оған рұқсат сұрамай-ақ, жергілікті билікті хабардар етсе жеткілікті. Бірақ митингіге қатысушылар 200-ден асатын болса, жергілікті биліктің рұқсаты керек. Егер ұйымдастырушы билікке бейбіт жиынға 200-ден аз адам қатысады деп хабарлап, іс жүзінде жиынға 200-ден астам адам жиналатын болса, бұл митингіні тоқтатуға себеп болмақ. Заң жобасында бейбіт жиынды ұйымдастырушы мен оған қатысушылардың ғана емес, БАҚ өкілдерінің де міндеттері мен құқықтары жазылған.
Бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы жаңа заң жобасында жиынға қатысушылар медициналық көмек алуға, митингіні аудио және видеоға түсіруге құқылы екені көрсетілген. "Азаматтар онсыз да оған құқылы ғой. Мұны не үшін жазған?.. Оны былай қойғанда, зорлық-зомбылықсыз бейбіт шара деген ұғым жүр. Құдды бір зорлық-зомбылық қоса жүретін бейбіт шара бар сияқты", - дейді Ә.Ілияшев.
Б.Төреғожина құқық қорғаушылар президент Қ.Тоқаевтың атына хат дайындап жатқанын айтты. "Бұл хатты жариялап, қол жинаймыз. Заңды ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары мен демократия институттары жөніндегі бюросына сараптамаға жіберуді сұраймыз. Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің бұған балама аң жобасы бар. Соны да талқылауға шығарамыз", - дейді ол.
Президент Қ.Тоқаев желтоқсан айында өткен Ұлттық сенім кеңесінің отырысында бейбі шерулер туралы заң өзгеріп, митингіні жергілікті биліктен рұқсат сұрамай, ескерту арқылы өткізу тәртібіне көшетінін айтқан.
Фотолар: picture-alliance/dpa/AP/A, azattyq.org, yvision.kz
Материалды көшіріп басуға болмайды!