Malim.kz
MALIMet

ML School Kazakhstan жасанды интеллект саласында алғашқы 32 маманды оқыта бастады

• Алуа Әшірбекова

Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бірлесіп ашқан ML School Kazakhstan бағдарламасының алғашқы тобы оқуын бастады. Өтінім берген 800-ден астам үміткердің 32-сі математика мен бағдарламалаудан сынақ тапсырып, екі кезеңді іріктеуден өтті. Олар екі жыл бойы тегін оқып, ғылымда, IT саласында және экономиканың түрлі бағытында қолдануға болатын жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуді үйренеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Алғашқы топқа үлкен тілдік модельдер әзірлеген, машиналық оқытуды медицинада қолданған және қазақ тіліне арналған жасанды интеллект құралдарын жасаған мамандар қабылданды. Олардың арасында компьютерлік томография суреттерін талдау және микроскоптағы өсімдік тозаңын тану жобаларымен айналысқан компьютерлік көру маманы бар. Тағы бір қатысушы қазақша мәтіндегі грамматикалық қателерді түзететін модельдер, сондай-ақ қазақша сөйлеуді танитын және мәтінді қазақша дыбыстайтын жүйелер әзірлеген. Топта несие тәуекелін бағалау мен сұранысты болжауға арналған модельдерді қолданысқа енгізген мамандар және қаржы деректерін машиналық оқыту әдістерімен талдайтын зерттеушілер де бар.

"2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы Қазақстанның экономиканы технология арқылы жаңғыртуға бет алғанын көрсетеді. Жасанды интеллект өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, медицина және мемлекеттік басқару салаларының дамуына жол ашады. Бұл мүмкіндікті іске асыру үшін заманауи инфрақұрылыммен қатар жаңа технологияларды әзірлеп, қолданысқа енгізе алатын білікті мамандар қажет. ML School Kazakhstan – білім беру ұйымдары мен технологиялық компаниялар осындай мамандарды бірлесіп даярлап, елдің цифрлық экономикасын дамытуға қалай үлес қоса алатынының мысалы", – деді Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.



Оқу бағдарламасы Яндекстің Деректерді талдау мектебінің тәжірибесі мен оқыту әдістемесіне сүйеніп әзірленген. Қатысушылар математика, статистика, алгоритмдер және машиналық оқыту негіздерін меңгеріп, алған білімін тәжірибеде қолданады. Олар нейрондық желілерді, компьютерлік көруді, генеративті жасанды интеллектіні және табиғи тілді өңдеу әдістерін де оқиды. Дәрістер мен семинарларды Yandex мамандары, техникалық жоғары оқу орындарының оқытушылары және жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы зерттеушілер жүргізеді.

"Жасанды интеллект саласын дамыту үшін дайын құралдарды қолдана білумен қатар, технологияны өз қолымен жасай алатын мамандар керек. ML School Kazakhstan бағдарламасының алғашқы легіне 800-ден астам адам өтінім беріп, 32 маман іріктеуден өтті. Бұл машиналық оқытуды терең меңгеруге қызығушылық жоғары екенін әрі Қазақстанда осы бағытты дамытатын мамандар барын көрсетеді. Біз бәсекеге қабілетті өнімдер жасайтын, ғылыми зерттеуге сүйенген технологияларды дамытатын және оларды экономиканың маңызды салаларына енгізе алатын инженерлер мен зерттеушілер қауымын қалыптастырғымыз келеді", – деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Тәжірибелік сабақтарда қатысушылар Қазақстанның технологиялық компанияларында, соның ішінде Yandex Qazaqstan-да жұмыс істейтін машиналық оқыту мамандарымен кездеседі. Олар қолданыстағы жүйелердің қалай құрылғанын және қандай техникалық тәсілдер қолданылғанын талдайды. Оқу барысында нақты міндеттерді шешіп, зерттеу жүргізеді. Бағдарламада таңдау пәндері де бар.

"Yandex Qazaqstan-да машиналық оқытуды компьютерлік көру мен ұсыным жүйелерінен бастап, роботпен жеткізу және жүргізушісіз көлікке дейінгі түрлі бағытта қолданамыз. Осы тәжірибемізді ML School Kazakhstan арқылы болашақ мамандармен бөліскіміз келеді. Қатысушылар машиналық оқыту жүйелерін өз бетінше әзірлеп, әр салада қолдана алуы үшін оларға берік теориялық білім мен инженерлік дағды беруді көздейміз", – деді Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекенов.



Сабақтар Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында аптасына екі-үш рет өтеді. Әр сабақ үш сағатқа созылады. Екі жылдық бағдарламаны аяқтаған түлектер ML School Kazakhstan сертификатын алады. Бұған қоса, қатысушылар Яндекстің Деректерді талдау мектебіндегі кейбір курстарды оқи алады.

"Алғашқы іріктеудің өзі Қазақстанда күрделі инженерлік және ғылыми міндеттермен айналысып, нәтижеге жетіп жүрген мамандар барын көрсетті. Біз үшін осындай адамдарды тауып, олардың әрі қарай дамуына жағдай жасау маңызды. Сапалы білімді, халықаралық тәжірибені және мамандар қауымының қолдауын ұштастыра отырып, машиналық оқыту инженерлері мен зерттеушілерінің жаңа буынын даярлауға үлес қосамыз", – деді Alem.ai Foundation қоғамдық қорының бас директоры Адина Магавина.

Yandex Qazaqstan, Astana Hub және Alem.ai Foundation бағдарламаға жыл сайын жаңа топ қабылдаудыжоспарлап отыр. Бағдарламаның мақсаты – машиналық оқытуды ғылыми зерттеулерде, технология әзірлеуде және өндірістегі нақты міндеттерді шешуде қолдана алатын мамандар даярлау.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары